Павлодарға Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова гастрольдік сапармен келді. Қазақтың ән өнерінде өзіндік орны бар өнер иесін жергілікті жұрт ерекше ықыласпен қарсы алды.
Мақпал Жүнісованің Павлодар өңіріне сапары ерекше ықыласпен басталды. Халықтың сүйікті әншісіне ақжарма арнау айтылып, ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетілді. Сонымен қатар облыс әкімінің құттықтау хаты табысталды. Халықпен емен-жарқын жүздескен өнер иесі көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.
Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі
Елеп жатса қуанып қаламыз жас баладай. Бізге ештеңе көп керек жоқ ғой. Қыз-ау келіп қалдың ба десе , соған мәз боламыз. Ал халық барлық жерде лық толы, ешкімнің айдауынсыз өздері келіп, қатысып жатыр. Үлкен 93,96,97 жастағы апаларымыз келіп, баталарын беріп жатыр. Қолымнан келгенінше менде иығына шапан жауып жатырмын, өзім сый-сияпат жасап жүретін адаммын.
Сапар барысында өнер иесі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қорындағы құнды жәдігерлермен танысты. Қазақ руханияты мен мәдениетінің тарихынан сыр шертетін мұраларға ерекше қызығушылық танытқан әнші тұлғалардың көне домбыраларын қолына алып, әуелете ән шырқады.
Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі
Мына енді Иса Байзақов атамыздың домбырасын ырымдап, осы кісілердің абыройын берсін деп ырымдадым. Ол кісіні көрген жоқпын, бірақ Кәукен Кенжетаев атамызбен талай рет дастархандас болдық, батасын алғанмын, сол кісінің домбырасы ыстық болып кетті. Шәкен Айманов атамыздың киімдерін көріп жатырмыз, үлкен толғаныс. Осы жерде бұрышта бәріне сол кісілердің заттарын қойып, кейінгі жас қрпақтарға үлкен тәрбие беріп жатыр екенсіздер. Бұқар жырау атамыздың әруағы разы болсын, мұражайы кеңейе берсін, келушілері көп болсын.
Қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісованің Павлодар өңіріне сапары мәдени руханиятты дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттай түсті.
Қымбат Садық