Павлодар облысына жұмыс сапарымен ауыл шаруашылығы вице-министрі келді. Ол өңір тұрғындарымен және аграрлық сала өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ауылдық өңірлердің дамуына тікелей ықпал ететін мәселелер талқыланды. Аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің қазіргі жағдайына, шаруашылықтарды жетілдіруге, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге айрықша мән берілді.

Ермек Кенжеханұлы, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі

«Екінші жыл қатарынан ауыл шаруашылығы рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, аграрлық сектордың тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,9%-ға артып, 9,8 триллион теңгеге жетті. Павлодар облысы Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі болып саналады. Облыстың жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Сонымен қатар, бұл саланың одан әрі дамуға әлеуеті бар деп есептейміз. Өткен жылы агротехнологияларды кең көлемде енгізу және ауқымды жеңілдетілген несиелеу сияқты кешенді шаралардың арқасында дәнді, майлы және бұршақты дақылдардан қайтадан рекордтық өнім алынды. Бұл өнім ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге де мүмкіндік беріп отыр.»

Аграрлық саланы дамытуда жаңа тәсілдерге назар аударылады. Биыл бұл бағытта саланың қарқынды дамуына серпін беретін қосымша қолдау тетіктерін енгізуге басымдық беріліп отыр. Аталған шаралар өндіріс тиімділігін арттыруға, материалдық-техникалық базаны жаңартуға және фермерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Дегенмен осы жылы негізгі назар мал шаруашылығы саласын дамытуға аударылуда.

Ермек Кенжеханұлы, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі

«Биыл мал шаруашылығы аграрлық саланың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс. Бұл бағытта айтарлықтай серпіліс жасап, біртіндеп қалыпты даму қарқынынан жеделдетілген өсімге көшу міндеті қойылып отыр. Саланы дамыту мақсатында мал шаруашылығын қолдаудың кешенді жоспары бекітілді. Онда негізгі мәселелер, соның ішінде өндірістің барлық кезеңі бойынша арзан несие қаражатының жетіспеушілігі де қарастырылған. Бұл шаралар мал шаруашылығы кешендерін құру мен мал басын сатып алуды жеңілдетілген қаржыландыру арқылы қамтамасыз етуді көздейді. Аталған жоспарды іске асыруға 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек.»

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған мемлекеттік қолдау тетіктері де таныстырылды. Жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар саланың тұрақтылығын күшейтіп, еңбек өнімділігін арттыруға және болжауға ыңғайлы жағдай қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Еркебұлан Жұмжаев, «Қазагроқаржы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары

«2025 жылдың қорытындысы бойынша алғаш рет 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген лизинг бөлінді. Ал биыл бұл көрсеткіш 300 млрд теңгеге жетіп отыр. Яғни мемлекет тарапынан айтарлықтай ауқымды қолдау көрсетілуде. Үш жыл бұрын бұл бағыттағы қаржыландыру шамамен 100 млрд теңгені құраған болатын. Демек, қаржы көлемі үш есеге артқан. Қазіргі уақытта жалпы 263 млрд теңгеге өтінімдер түскен, оның ішінде қазақстандық өндірістегі техникаға 222 млрд теңге бағытталған. Бұл жалпы көлемнің 85%-ын құрайды.»

Ірі инвестициялық тетіктерден бөлек, аграрлық салада әртүрлі бағытты қолдауға арналған кешенді бағдарламалар да іске асуда. Фермерлер өздерінің мақсат-міндеттеріне қарай, яғни техниканы жаңарту, өндірісті кеңейту немесе мал шаруашылығын дамыту сияқты бағыттар бойынша қажетті қолдау құралдарын таңдау мүмкіндігіне ие.

Ардақ Таңжарық, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Павлодар филиалының директоры

 «Келесі бағыт – ең кең таралған «Агробизнес» бағдарламасы. Оның аясында негізгі құралдарды сатып алуға да, айналым қаражатын тартуға да мүмкіндік бар. Қазіргі таңда пайыздық мөлшерлеме 25,5%-ды құрайды, оның 19,5%-ын мемлекет субсидиялайды. Соның нәтижесінде қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме жылына 6% деңгейінде қалыптасады. Одан бөлек «Іскер» бағдарламасы да жұмыс істейді.» 2.57 + 3.18 «Сонымен қатар, биыл сәуір айынан бастап импортталған асыл тұқымды мал сатып алуға арналған «Игілік береке» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама да жылдық 6% мөлшерлемемен беріледі. Несие мерзімі – 7 жыл, ал жеңілдік кезеңі 30 айға дейін қарастырылған.»

Бүгінде мемлекеттік қолдаудың кешенді жүйесі аграрлық саланы дамытудың негізгі құралдарының біріне айналды. Ол шаруашылықтардың қаржылық тұрақтылығын арттыруға ғана емес, өндірісті жаңарту мен жетілдіруге қажетті жағдай қалыптастыруға да ықпал етеді.

Жұлдыз Қабылденова