Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында жұмыс сапарымен болды. Шаһарда атқарылып жатқан жобалармен танысты. Алдымен қала көшелері қалай жөнделіп жатқандығын тексерді.

Екібастұз көшелерін асфальттау мәселесі әркез алдыңға қатардағы жоспарға кіреді. Биыл да дәл осы жол құрылысына қатысты ауқымды жобалар бар. Оған жиыны 4 млрд теңге бөлініпті. Жалпы 18 көше жөнделеді.

Сонымен қатар, қаланың жеке секторындағы көшелердің де мәселесі әлі өзекті. 120 дан астам көшенде әлі қатты жабын жоқ.

Аулаішілік аумақтарды асфальттау бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа 575 миллион теңге бөлінген. Мердігерлер жұмысты маусым айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, соңғы жылдары қалада 200-ге жуық аула абаттандырылған. Енді тағы 80-нен астам ауланы жөндеу керек. Сондықтан, облыстық бюджеттен 50 балалар ойын кешенін орнатуға 950 миллион теңге бөлінген.

Сапар аясында Асайын Байханов қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті. Ардагерлермен бірге шаһардың дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, өндіріс орындарын ашу және әлеуметтік нысандар мәселелерін талқыланды.

Кездесу кезінде ардагерлер қалалық ауруханаларды жаңғырту, медициналық жабдықтарды жаңарту және Екібастұзда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын», театр ғимаратын салу мәселесін көтерді. Кездесу соңында облыс әкімі ардагерлер кеңесіне Hyundai автокөлігінің сертификатын табыстады.

Одан облыс әкімі Екібастұз қаалсында өткен «Ekibastuz fest: Заң мен тәртіп» жастар фестиваліне де ат басын бұрды. Іс-шара «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» акциясы аясында өткізілді. Фестиваль есірткі қылмысына қарсы күрес, интернет-алаяқтықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау сияқты бағыттарды қамтып, бес мыңнан астам адамның басын қосты.

Шара барысында белсенді жастар мен қоғам белсенділері облыс әкімінің құрмет грамотасымен, алғыс хатымен марапатталды.