Ақбөкендер Қазақстанның қызыл кітабына енгізілмеген. Алайда сиреп бара жатқандықтан аулауға толық тыйым салынған аңдардың бірі. Халық арасында киік деп аталып кеткен асыл, қасиетті аңды атқаны үшін 300 ден 3 000ға дейін айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Аслан Жағыпаров, ПД ЖПБ табиғатты қорғау тобының аға инспекторы:
Бүгінгі таңда Павлодар облысында 20 мыңнан астам ақбөкен бар. Көбінесе Май, Баянауыл аудандарында шоғырланған. Заңсыз ақбөкен аулағаны үшін қылмыстық кодексінің 339 бабына сәйкес 3000 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ мүлкін тәркілеумен 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Табиғатты қорғау бойынша қолға алынған шаралардың арқасында киіктердің саны біртіндеп өсті. Мәселен ақбөкендер популяциясының саны соңғы екі жылда екі есеге артты.
Аслан Жағыпаров, ПД ЖПБ табиғатты қорғау тобының аға инспекторы:
Бүгінде Павлодар өңірінде ақбөкенді ату браконьерлік фактілері тіркелген жоқ. Дегенмен біз табиғатты қорғау инспекциясымен тұрақты түрде алдын алу іс шараларын жүргізіп отырамыз. Ату жағдайын болдырмас үшін аң аулау инспекциясының мамандары аталған Май және Баянауыл аудандарына барып 15 күн вахтада болып, кезекшілікте болады.
Жедел алдын алу іс шарасы тамыз айының 18 не дейін жалғасады.Айта кету керек жыл басынан полиция қызметкерлері табиғатты қорғау инспекциясымен жануарларды заңсыз аулау, ағаш кесу, су жануарларын аулау бойынша 571 құқық бұзушылық анықтады.
Әйгерім Тоқпанқызы