Жыл басынан бері Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьяларына түсетін жүктеме шамамен 25%-ға артқан. Бұл жағдай сот жүйесін оңтайландыру жолында атқарылған шараға байланысты қалыптасты. Оңтайландыру аясында тоғыз судья аудандық инстанцияларға ауыстырылған. Судья азайғанымен азаматтардың арыз-шағымы азайған жоқ. Мұндай жағдайда әділдік іздеп келген халық зардап шегіп жатқан жоқ па? Тілшіміз тарқатсын.

Өткен жылы Павлодардың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында 29 судья жұмыс істеген. Қазір олардың саны 20-ға дейін қысқартылыпты. Бұл, әрине, жүктеменің айтарлықтай артуына әсер етті. Бүгінде бір судья ай сайын 70-тен 90-ға дейін іс қарайды. Былтыр бұл көрсеткіш бір судьяға 50 іс шамасында болатын. Бұған қоса, халықтың құқықтық сауаттылығының артуына байланысты сотқа келіп түсетін істер саны да көбейген. Жыл басынан бері сотқа 8400-ден астам талап-арыз бен өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға көп.

Ерсін Қожабергинов, Павлодар қаласы азаматтық істер бойынша ауданаралық сотының төрағасы

 Ерекше өндіріс бойынша да өсім байқалып, 1998 өтінішке дейін жетті. Бұл 2024 жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 20,2%-ға артық. Оның ішінде банкроттыққа қатысты шағым мол. Сонымен қатар, кейбір санаттар бойынша төмендеу байқалады. Хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп тану туралы, заңды маңызы бар фактілерді анықтау туралы өтініштер саны азайды. 2025 жылдың 9 айында сот 6173 азаматтық істі қарады. Оның ішінде 3649 іс бойынша шешім шығарылды. 419 іс бойынша сот бұйрығы қабылданды. 1519 іс өндірістен тоқтатылды, оның ішінде 1469 іс медиациялық келісімге келуіне байланысты тоқтатылды. Аяқталған істер санының артуы талап қою, ерекше және бұйрықтық өндіріс тәртібімен қаралған істердің көбеюімен байланысты. Дау-дамайдың негізгі неке, отбасы қатынастарына байланысты істер. Залалды өтеу, меншік құқығы, мұрагерлік және тұрғын үй даулары, еңбек және жер қатынастарына байланысты істер де көп.

Судьялар жүктеменің көптігін өздері де айтып отыр. Сондықтан, жұмыс уақытынан тыс мерзімде де іс материалдарын қарайтын кездер жиі кездеседі екен. Шешімдер дайындау және дәлелдемелерді зерттеу ресми жұмыс күнінің аяқталғаннан кейін де жалғасады. Бұл жалпы республика бойынша болып жатқан ахуал.

Айгүл Хамитова, Павлодар қаласы азаматтық істер бойынша ауданаралық сотының судьясы

Жоғарыда төраға айтып кеткен мәселелер бойынша азаматардың шағымы артты. Республика бойынша болып жатқан жағдай бұл. Банкроттық жөнінде халық аса белсенді. Төлем қабілетін қалпына келтіру жөніндегі заң аясындағы талап-арыз көп. Бұл ғана емес наториустың шешімін жою жөніндегі шағымдар да мол кездеседі.

Судьялардың айтуынша, азаматтар бұл жүктемеден зардап шекпейді. Әділдік іздеген адамдар кезекті ұзақ күтпейді деді. Барлық азаматтық және процессуалдық талаптар белгіленген мерзімде, кешіктірілмей, бес жұмыс күні ішінде қабылданады.

Әлия Асанова, Павлодар қаласы азаматтық істер бойынша ауданаралық сотының судьясы

Күніне бес немес алты талапты қараймыз. Бізде талап-арыздарды қабылдаудың белгіленген мерзімі бар. Судья бес жұмыс күнінің ішінде қабылдауы керек. Егер де ол медиациядан кейін түссе 10 жұмыс күнінде қабылданады. Талап-арыз қабылданған соң 2 күн дайындық жүред. Сосын шамамен екі айдай іс қаралады. Жалпы қабылданғаннан бастап нақты сот шешіміне дейін шамамен, ең көп дегенде 3 ай уақыт кетеді. Жүктеме мәнісі мынада: Мәселен, бұрын күніне 10 іс қарап, оның алтауына сот актісін шығарсақ. Қазір сәл көбейді.

2022 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда экстерриториялық соттылық нормасы күшіне енді. Бұл тараптарға сотты тұрғылықты жеріне қарамастан таңдауға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың 9 айында Павлодар қалалық сотына осы норма бойынша екі азаматтық іс түсті.

Жанасыл Серікбол