Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында дәрігерлерге арналған шеберлік сабағы өтті. Шараға өңірдің гинекологтары, қан тамыр және рентген-хирургтері, флеболог мамандар қатысты. Оқу «Жамбас көктамырларының варикозын емдеудің заманауи әдістері» тақырыбында ұйымдастырылды. Мамандарға рентген-операциялық бөлмеден тікелей көрсетілім ұйымдастырылды.

Бұл дерт көбіне бала туған немесе гормондық өзгерістерге ұшыраған әйелдерде кездеседі. Варикоз жамбас тұсында қанның жиналуына, созылмалы ауырсынуға және тұрмыстық белсенділіктің төмендеуіне себеп болады. Оқу барысында ауруды ерте анықтау жолдары және заманауи емдеу тәсілдері көрсетілді. Эмболизация әдісін іс жүзінде Астанадан келген рентген-хирург, қан тамыр хирургі әрі флеболог Евгений Мун және Алматы қаласынан арнайы шақырылған қан тамыр хирургі, флеболог дәрігер Балжан Айдашова таныстырды.

Балжан Айдашова, Алматы қаласының флеболог дәрігері

Қазір жасалған ота бұл аналық бездің тамырына арнайы спираль қою. Бұл кесілмей, наркозды керек қылмайтын шағын ота. Бұл ота іштің төменгі бөлігігін ауырсынудан емдейді. Бұл спираль ешқандай аллергия бермейді, бала көтеруге де болады. Яғни, жүктілікке ешқандай әсері жоқ. КТ, МРТ бәріне түсуге болады. Бұл спираль ағзада өмір бойы болады, бірақ ешқандай зияны жоқ.

Мамандар жамбас көктамырларындағы тоқырауды анықтау үшін ультрадыбыстық диагностика жасап көрсетті. Сонымен қатар, рентген-операциялық бөлмеден тікелей көрсетілім ұйымдастырылды. Онда тамыр ішіндегі кеңейген көктамырларды арнайы тәсілмен бітеп, қан айналымын қалпына келтіру отасы жүргізілді.

Ринат Сабеков, Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының қантамырлар хирургия бөлімшесінің ангиохирург дәрігері

Бұл әдісті біз үш жылдан бері қолданып жүрміз. Бүгінгі оқу әдісіміз осы тақырып төңірегінде өңірдегі акушер-гинекологтар мен қан тамыр хирургтарын біріктіру үшін ұйымдастырылды. Бұл – ауқымды мәселе, науқастар көп жағдайда қай маманға жүгінетінін білмей жатады. Ота жергілікті анестезиямен жасалады, кішкентай ғана тілік жеткілікті. Реабилитация қажет емес, науқастар 2-3 күн бақылауда болып, кейін үйіне шығарылады. Өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сабағын өткізген әріптестерімізге алғыс айтамыз.

Мұндай ота әйелдерге ауырсынуды азайтуға, күнделікті өмір сапасын жақсартуға және асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Операцияның құны шамамен 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Алайда, ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды.

Сабина Жолдаспаева