Ұлт руханиятының мәйегі – саз өнері. Ал сол өнердің шамын жаққан, өмірін күй мен әуенге арнаған тұлғалар мәңгілік мұра қалдырады. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде осындай өнер иесі – ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, ұстаз, ұлттық музыкалық аспаптардың шебері Шәкен Рақышұлының 90 жылдығына арналған «Саз әлемі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Шара шеңберінде шебердің өз қолымен жасаған аспаптары музей қорына тапсырылды.
Шәкен Рақышев 1935 жылы 14 қазанда Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1960 жылы Шөптікөл мектеп-интернатында бастап, өмірінің әр кезеңінде ұлттық музыкаға қызмет етті. Павлодар қаласындағы Ыбырай Алтынсарин мектебінде ұлт аспаптар оркестрін, кейін «Ертіс еркесі», «Әуелбек» және «Шалқыма» ансамбльдерін, тіпті Астанада да ұлттық оркестр ұйымдастырды.
Мейрамғали Есмұқанов, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы
Осы музейіміздің қорына құнды жәдігерлер түсіп отыр.ол кезінде қаламыздың көрнекті ақыны, айтыскер, журналист Шолпан Байғалы өзінің қызы Айнұрға жасатқан домбырасын осы музей қорына табыстап отыр.Сонымен қатар, қазіргі Әуелбек елінің мәдениет үйінің басшысы Шәкеннің кезінде жасаған екі қобызын музей қорына табыс етті.
Кеш барысында күй төгіліп, ән шырқалды. Домбыраның күмбірі мен қобыздың үні жиналған жұрттың жүрегін елжіретті. Сонымен қатар, шебердің қолдан жасаған аспаптары, жеке заттары мен өмірінен сыр шертетін құжаттар қойылған көрме де ұйымдастырылды. Айта кетерлігі – бұл жәдігерлер Павлодар өңірінде алғаш рет ұсынылып отыр.
Сазгердің репертуарында 50-ден астам ән-күй бар. «Ертісім – ерке өзенім», «Әке туралы ән» сынды әндер мен «Табиғат сазы», «Жеңіс», «Екпін» атты оркестрлік шығармалар оның шабыт пен шеберліктен жаралған дүниелері. Оның туындылары тыңдаушының жүрегін тербеп, ұлт рухын оятатын мұраға айналды.
Жасталап Орынбаев, Әуелбек ауылдық мәдениет үйінің басшысы
Ақтоғай ауданы Шәкен Рақышевтің 11 жыл жұмыс істеген жерәнен келәп отырмын.Бірінші шәкірттерінің бірімен.Ол кісі менің көршім болды.Ол кезде мектепте жұмыс істейміз.Қазақ ұлттық аспаптарының қас шебері десекте болады.
«Саз әлемі» кешінде сазгердің көзін көрген туған-туыстары да қатысып, жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Әрбір сөз – сағынышқа, құрметке толы.
Нұрлан Рақышев, Шәкен Рақышевтің туысы
1978 жылы ауылдан көшіп келдік. Сол кездері Шәкен ағамның үйіне барып балаларымен ойнайтынбыз. Бір күні келсем ас үйде ағатайым өз қолынан бірдене істеп жатыр екен. Маған қызық болғаны сонша балаларға қарамастан жанында қалдым. Сол кезде алғаш рет ашылған домбыраны көрдім. Маған сол қатты қызық болды. Сөйтсем ол оркестрге аспаптарын дайындар жатыр екен.
Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, саз әлемінің шамын жағып кеткен Шәкен Рақышев – халқына қалтқысыз қызмет еткен дара тұлға. Оның көз майын тауысып жасаған аспаптары мен жүрек тербеген әуендері — келер ұрпаққа рухани қазына, өлмес мұра.
Дильназ Қуанышбекқызы