29 қазан - дүниежүзілік қамқоршылар күні. Осыған орай, отбасын қолдау орталығында дөңгелек үстел өтті. Шараны «Ана Үйі» қоры мен қалалық білім бөлімі қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Кездесуде бірнеше мәселе көтерілді. Қабылдаушы отбасыларға көрсетілетін қолдау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және бала асырап алу мәдениетін арттыру туралы айтылды.
Кездесудің мақсаты – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау. Олардың құқықтық, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін талқылау. Қамқоршылар көбіне білім беру ұйымдарымен байланыс, құжат рәсімдеу, жәрдемақы алу, балаға баспана кезегі сияқты сұрақтарға тап болады. Жиында осы бағыттар бойынша ұсыныстар айтылды.
Салтанат Сипатилова, Павлодар қаласы бала асырап алу ұлттық агенттігі клубының жетекшісі
Біз бұл дөңгелек үстелге қабылдаушы отбасылар жиі кездесетін мәселелерін талқылау үшін жиналдық. Біздің клуб бес жыл жұмыс істеп келеді. Барлық ата-ананың көтеретін сұрақтары бірдей. Себебі әр баланың тағдыры әрқилы. Олар ата-анасы назар аудармаған отбасыларда өсті, кейін жабық мекемелерде болды. Қабылдаушы отбасына келгенде әртүрлі қиындықтар туындайды. Сондықтан біз клубты осылай атадық – өйткені мұнда барлық отбасы бірін-бірі түсінеді.
Бүгінде қамқоршылар айына 10 АЕК көлемінде төлем алады. Жиында осы соманы 30 АЕК-ке дейін арттыру туралы ұсыныс көтерілді. Сондай-ақ, балаларға арналған баспана кезегінің өте баяу жүріп жатқаны айтылды.
Зура Жүсіпбаева, бала асырап алушы
Алғаш асырап алған ұлым тоғыз айлық кезінде келді. Кейін екінші баланы. Яғни қызымды – карантинге жабылмай тұрып алып кеттік. Ол кезде екі жаста еді, бәрі жақсы өтті. Әрине, алғашында қиын болды, бірақ үйренісіп кетті. Ең қиыны – жасөспіріммен жұмыс жасау қиын болды. Үшінші баланы он жасында алдық. Қазір бәрі жақсы. Асырап алудан кейін арнайы қадағалайтын мекеме отбасына келіп бақылау жүргізеді. Менің ойымша, бұл дұрыс.
Егер ата-ана бала асырап алғысы келсе немесе қамқоршы болуды жоспарласа, міндетті түрде «қабылдаушы ата-аналар» мектебінен өтуі тиіс. Арнайы сертификатсыз бала асырап немесе қамқорлыққа алуға рұқсат берілмейді. Дөңгелек үстелде осы талаптар туралы да түсіндірілді. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлескен жұмысты жалғастыратын болды.
Сабина Жолдаспаева