Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне орай ән кеші өтті. Алғаш рет өңірдің этномәдени бірлестіктері атынан қатысатын ақсақалдар кеңесінің арасында поэтикалық-ән фестивалі ұйымдастырылды. Бұл бастама халқымыздың өнер мен дәстүрге деген құрметін тағы бір мәрте айқындады.

Бұл фестиваль тек мерекеге арналған мәдени шара емес, ақсақалдардың шығармашылық әлеуетін танытатын алаң болды. Олар өздерінің өнерге жақындығын, дәстүрді насихаттаудағы рөлін көрсетті. Шарада барлығы 12 қатысушы бақ сынады.

Нұршат Нұрғалиева, Павлодар облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі

Үлкен осындай ата-апалар атсалысып өзінің еліне қызмет етіп, жастарға үлгі көрсетіп жүргендері ол жастарға бір тәрбие деп ойлаймын. Өзінің отанын сүюге, қадірлеуге, білімді, ақылды болып өсуіне біздің ұйымдастырып отырған шарамыздан жастар көп тәрбие алады деп ойлаймын. 80-ге келіп қалсақ та, осылай қоғам жұмыстарына белсене қатысып, өзімнің үлесімді қосып жүргеніме қатты қуанамын. Үйде немерелерім де қуанышпен барыңыз әже деп мені осылай жұмсап отырады. Мен өзім мектепте істеген соң, үйде өзім де отыра алмаймын.

Байқау екі номинация бойынша өтті. Алдымен қатысушылар Қазақстан туралы авторлық әндерін, қазақстандық композиторлардың туындыларын орындады. Ал көркем сөз номинациясында өлеңдер, проза және фестиваль тақырыбына сай әдеби шығармалар оқылды.

Кештің ерекшелігі – қазылар алқасының болмауы. Қатысушылар бір-бірінің өнерін өздері бағалады. Шара соңында барлығы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Сабина Жолдаспаева