Биыл елімізде жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны баршаға мәлім. Осыған орай әр түрлі шаралар легі кеңінен ұйымдастырылуда. Жұмысшы мамандықтан насихатталуда. «Ертіс» арнасы ауыр міндетті арқалап жүрген кейіпкерлер туралы айтып келеді. Алдағы материалымыз мұнай-газ саласының жас маманы Диас Айтуаров жайлы.
Кейіпкеріміз мұнай-газ саласы мамандығын жергілікті университетте игерген. Дуалды оқыту бағдарламасының игілігін көрген жастардың бірі. Зауытта 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір бәрін жіті меңгерген айтулы мамандардың бірі.
Болашақта мамандығын одан әрі тереңдете үйреніп, үлкен жетістіктерге жетуді мақсат етіп отыр. Ата-анасы бұл салада жұмыс істемесе де Диас әулет тарихын жаңа бетбұрысқа жетеледі. Артынна ерген інісі ағасының жолымен білім алып жатыр. Ал, оның аға буын әріптестері Диастың еңбекқор пен адамгершілікті, кәсібилікті қатар ұстаған мінезіне тәнті.
Руслан Ниязбеков, Диас
Болашағы жарқын жас мамандардың бірі. Тәжірибе жинап жатыр. Жұмысқа жауапкершілігі зор. Ұқыпты. Осындай мамандар біздің кәсіпорынның болашағы деп білемін.
Азамат Өнеров, Диас Айтуаровтың әріптесі
Жұмысқа келген кезден бастап ол бәрін тез үйренді. Әріптестерімен тату, жұмысқа деген құлшынысы әркез жоғары. Ол мұнай-химия саласындағы жаңа толқын жас мамандардың бет-бейнсі деп айтар едім. Болашағына сәттілік тілеймін.
Диас жас та болса алғашқы белесін бағындырып та үлгерген. Биыл облыстық «Еңбек жолы» байқауында «Үздік жас маман» аталымын жеңіп алды. Енді республикалық кезеңде бақ сынап, өзінің ғана емес, облыстың да атын қорғайтын болады.