13 қазан Табиғи апаттар қаупін азайтудың халықаралық күні деп белгіленді. Табиғи апаттардың алдын алу, қауіп-қатерді болдырмау жолдарын түсіндіру мақсатында Қызыл Жарты Ай қоғамы Машһүр Жүсіп атындағы №19 мектепте бірнеше кезеңнен тұратын шара өткізді. Толығырақ алдағы материалдан көрейік.
Мұнда алдымен өрт кезінде эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу өтті. Қоңырау дауысы естілген бойда мектеп ұжымы мен оқушылар нақты апатты жағдайға тап болғандай дереу қозғалысқа көшіп, барлығы белгіленген тәртіп бойынша сыртқа шығарылды. Оқу-жаттығуға Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен Қызыл Жарты Ай ұйымының волонтерлері арнайы қатысты. Олар эвакуация ережелерін түсіндіріп, қауіпсіз аймаққа шығу мен тәртіп сақтау жолдарын көрсетті. Мектеп алаңында оқушыларға құтқарушылардың көліктері мен құрал-жабдықтары да таныстырылды.
Гүлнар Исаканова, «Қызыл ай қоғамы» Павлодар облыстық филиалының директоры
Бұл шараның биылғы тақырыбы: «Хабардарлықты арттыру: Апат қаупі туралы ақпарат тарату және оны болдырмау жолдарын үйрету» деп алынып отыр. Осы орайда Қызыл ай қоғамы республика көлемінде осындай оқу-жаттығулар кезінде қауіпсіздікті үйрету мақсатында бірқатар шаралар өткізді. Өз кезігімізде осы Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеппен ұйымдастырып отырмыз. Балалар бұл оқиғаны ойын деп қабылдамауы керек. Мұндай оқу-жаттығулар — олардың қауіпсіздікке деген көзқарасын қалыптастырады. Мұндағы басты мақсат оқушыларға шынайы төтенше жағдай туындаған кезде қалай әрекет ету керектігін, қауіпсіздік алгоритмдерін жақсы түсіндіру болып табылады.
Шара аясында жоғарғы сынып оқушыларына арнап шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсету дағдылары бойынша шеберлік сабағы өткізілді. Мұнда волонтерлар қан тоқтату, жарақат алған адамға алғашқы көмекті дұрыс көрсету, тыныс жолдары жабылғанда не істеу керек сынды нақты практикалық әдістерді көрсетті. Қатысушыларға арнайы манекендер арқылы жүрекке массаж жасау жаттығулары үйретілді.
Гүлнар Исаканова, «Қызыл ай қоғамы» Павлодар облыстық филиалының директоры
Өткен аптада біз 1–6 сынып оқушылары арасында «Табиғи апаттар» тақырыбындағы сурет байқауын жариялаған болатынбыз. Жалпы, 40-қа жуық сурет қабылданды. Балалар апаттың әр түрін — өрт, су тасқыны сияқты оқиғаларды өз көзқарастары арқылы бейнелеп, қауіпсіздіктің маңызын шығармашылықпен жеткізген. Енді комиссия мүшелері байқау жеңімпаздарын анықтайды, барлық қатысушыларға қатысқандары үшін диплом табыстаймыз.
Табиғатты түсіну — оны аялаудан басталады. Ал табиғи апаттың алдын алу — оны болдырмауға ұмтылудан басталады. Жас ұрпаққа осыны ұғындыру —қоғамның ортақ парызы.
Қымбат Садық