Облыста толассыз жауған қардың, арты көктайғаққа ұласты. Соның салдарынан жарақат алған тұрғындар күрт көбейді. Павлодар қаласының травмпункт бөлімшесіне тұрғындар жаппай жүгінуде.

Көк тайғақ басталғалы аяқ-қолын ауыртып, құлап жарақат алғандар көбейген. Тұрғындар мұзда сүріну, тепе-теңдікті жоғалту және нәзік жерлерін соғып алуда. Әсіресе қол, иық, тізе және жамбас сүйектеріне зақым келеді. Алғашқы күннің өзінде 30-дан астам адам көмек сұрап барған. Келесі күні бұл көрсеткіш 100-ге дейін өскен.

Аян Қабаев, Павлодар қаласы №1 ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері

Көк тайғақ басталғалы тәулігіне келушілер саны үш есе артты. Көп жағдайда адамдар құлаған кезде қолын тосып қалады немесе аяқтары тайып, құлап қалады. Зардап шегетін көбінесе егде жастағы үлкендер мен табаны биік аяқ киім киетін жандар. Көп жағдайда бізге қолын тік тіреп құлап, қол сүйегін сындырып алғандар, тобық буынын шығарып алғандар жүгінеді.

Мамандардың айтуынша, тұрғындар құлаған сәтте бірден келмейді. Алғашында ауырсынуға мән бермей жүреді. Тек күндер өткен соң жағдайы нашарлап, дәрігерлерге жүгінеді. Сол кезде науқастарда жеңіл соғылудан бөлек, сүйек сынуы сияқты асқынған жарақаттар анықталады.

Аян Қабаев, Павлодар қаласы №1 ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері

Бізге көбіне науқастар 10 күннен кейін немесе екі апта өткен соң келеді. Бірақ олар сол уақыттың бәрінде сынықпен жүре береді. Сондықтан бұлай жасауға болмайды. Егер жарақат алсаңыз– бірден дәрігерге жүгінген жөн.

Мамандар тұрғындарды аса сақ болуға шақырады. Әсіресе егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға аса мұқият жүру ескертеді.

Сабина Жолдаспаева