Жаратқан ерекше қабілетке ие еткен Мерғалым Мұхтариханұлының бойындағы тылсым қабілет 12 жасында-ақ елге мәшһүр болған. Әуелде аяғы сынған үй құстарын, мертіккен қара малдардың сүйегін орнына салып жүреді. Ауыл балаларымен ойнап күрескенде аяқ, қолдарын шығарып жіберіп, орнына қайтадан өзі салып беріп ойнап кетеді екен.
Мейрамгүл Салимова, Б. Уахатов атындағы Мерғалым ата ауылы мектебі мұражайының жетекшісі:
Мерғалым 12 жасында қатты ауырады. Сонда шешесі көрші ауылдағы бақсы атаға жолда жаңбыр жауып денесіне көйлегі тыртысып жабысып тұрған балаға қарап бақсы шал бұл балаға бір сынықшылық қасиет қонғалы тұр екен. арғы аталарында бір сынықшылық қасиет бар екен деп содан бастап 12 жасынан бастап адамдарды емдеуді бастаған екен.
Қасиет иесі ауыл адамдарын ғана емес, Ресей мен Украина, Германиядан дертіне шипа іздеп келген жандарды құлан таза айықтырады. Ауыл шетіндегі қорымда мәңгілік тыныстап жатқан Мерғалым атаның аруағына бұл күні де тәу етіп алыстан келушілер көп. Дұға оқытып, дертіне Жаратқаннан шипа тілеп келіп түнеуді қалайды. Бүгінде осындай жандарға арналған қонақ үй салынып жатыр. Ол үлкен зал мен асхана, жайлы бөлмелерден тұрады. Сондай-ақ намазханасы бар. Ауласында тамақ әзірлеуге арналған пештері бар үй орнатылып, дәрет алуға арналған бөлме де салынған. Бұл үй үшін «Ертіс орманы» резерваты 2018 жылы ағаш бөлген, сондай-ақ құрылысты жеке кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары жұмыла көтеруде. Қонақ үй қыркүйек айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Гүлсара Мәлікова