Студенттер әуежай жұмысымен танысты
Жоғары ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері Павлодар әуежайына барып, нысанның тыныс-тіршілігімен танысты. Болашақ мамандарға әуежай жұмысының ішкі құрылымы ғана емес, әр мамандықтың өзіндік міндеті жайлы түсіндірілді. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.
Бақылау-өткізу пункті, қызметтік аумақтар, арнайы техника мен жұмыс орындары: бүгін студенттер үшін мұның бәрі жай ғана экскурсия нысаны болған жоқ. Олар әуежайға болашақ маман көзімен қарап, алған білімдерінің қай бағытта қажет болатынын және оқу бітіргеннен кейін қандай салалармен байланыста жұмыс істейтінін түсінуге тырысты.
Асылбек Зейнолла
Бұл — оқу практикасы кезіндегі менің алғашқы экскурсиям болып табылады. Ал студенттеріміз Павлодар қаласындағы түрлі мекемелерде өндірістік практикадан өтіп жатыр. Әрқайсысы өз мамандығына сәйкес әртүрлі орындарға бөлінген. Бұл экскурсия барысында студенттер әуежайдың құрылымымен, мұнда жұмыстардың қалай ұйымдастырылатынымен жақынырақ танысты. Сонымен қатар, болашақта өздері оқып жатқан мамандықтары әуежайдағы қандай да бір бағыттармен байланыста жұмыс істей алатынын білді.
Шара облыстық Еңбек күніне арналған іс-шаралар жоспары мен «Өндірісте 10 күн» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат — студенттерге таңдаған мамандығын тек теория жүзінде емес, нақты өндіріс жағдайында көруге мүмкіндік беру.
Николай Ченцов, ұшу қауіпсіздігі бойынша инспектор
«Жастарды тек оқытып ғана қоймай, тәжірибеге тарту мәселесіне келетін болсақ, бұған міндетті түрде мән беру керек деп ойлаймын. Себебі олар өсіп келеді, білімін жетілдіріп, әрі қарай дамуына мүмкіндік жасау қажет. Ал осында практика барысында бәрін өз көздерімен көріп, қолмен ұстап, өндірістің шын мәнінде қалай жұмыс істейтінін көрсетуге мүмкіндік бар. Біз жақында ғана қайта жаңғыртудан кейін жұмысымызды бастадық. Сондықтан алдағы уақытта даму мүмкіндіктеріміз, перспектива жоғары.»1:30
Теориялық білімді тәжірибемен ұштастырған жастар әр мамандықтың өзіне тән жауапкершілігі мен талаптары болатынын айтады.
Аружан Иманқұлова, жоғары ақпараттық технологиялар колледжінің студенті
Біз әуежайдың қалай жұмыс жасайтының көрдік, сонымен қатар мамандықтар туралы және қандай маман қажет екені туралы ақпарат алдық.
Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби бағдарын қалыптастырып қана қоймай, мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қымбат Садық