Оқушылар архив қорымен танысты
Өскелең ұрпақ архив ісі жайында не біледі? Павлодар облысы мемлекеттік архиві өткізген ашық есік күні оқушыларға ғасырлық тарихы бар құжаттар әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік сыйлады. Толығырақ – келесі сюжетте.
Ел аумағындағы архивтерде ашық есік күні ұйымдастырылды. Облыстағы мемлекеттік архив те «Архив және болашақ» атты іс-шара өткізді. Акцияның мақсаты – жас буынды еліміздің өткенін баяндайтын құжаттармен таныстырып, бұл салаға деген қызығушылығын ояту.
Күләш Есімханова, Павлодар облысы мемлекеттік архивінің архивисі
Бүгін біз акция қатысушыларына «Павлодар уезі, Павлодар округі, Павлодар ауданының шіркеулері, мешіттері мен ғибадатханаларының метрикалық кітаптары» топтамасының аса құнды құжаттарын көрсетуді жөн көрдік. Бұл қордағы ең ескі құжаттар – 1861 жылғы. Сонымен қатар, біз Павлодар облысының карталар топтамасының карталарын ұсынамыз. Онда 1863 жылғы және одан кейінгі уақыттағы карталар бар. Бұдан бөлек, қатысушылар әрдайым жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыратын тарихи құжаттармен таныса алады.
Павлодар облысы мемлекеттік архиві он филиалды біріктіреді. Олардың қорында бір миллион бес жүз мыңға жуық құжат сақтаулы. Бұл ғимараттың өзінде төрт жүз мыңнан аса құнды мұра бар. Іс-шара қонақтары экскурсия барысында олармен жақынырақ таныса алды.
Линара Сәдуақасова, Павлодар облысы этномәдени бірлестіктері жастар қанатының белсендісі
Мен архивке бірінші рет келіп тұрмын. Мұнда барлығы әдемі әрі қызықты екен. Бұл ғимараттың ішін бұрын басқаша елестеткенмін. Ал бүгін маған адамдардың өзқолдарымен сызған карталары көбірек ұнады.
Өңірдегі архивтерде ашық есік күні биыл бесінші мәрте өтті. Нәтижесінде құжаттармен танысқан жоғары сынып оқушылары ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарын жазу кезінде архивтен тың деректер таба алатынына көз жеткізді. Сонымен қатар, олар қажет болған жағдайда архив әзірлеген жинақтарды пайдаланып, білікті мамандардың көмегіне сүйене алады.
Жұлдыз Қабылденова