Сәтпаев су арнасына шабақтар жіберілді
Өңірде балық шаруашылығын дамыту жолындағы шаралар жалғасуда. Осы мақсатта Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасына 151 мың шабақ жіберілді.
Академик өз қолымен салған су арнасы тіршіліктің барлық саласы үшін маңызға ие. Ауызсу, егіншілік, балық шаруашылығы. Су арнасының бойында қармақ салатын халық көп.
Жарқын Қабдолов, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Павлодар қаласындағы тірек пунктінің меңгерушісі
Суарнасы Павлодардан Қарағандыға дейін созылып жатыр. Оның бойында 13 су қоймасы бар. Қазір біз №4 гидроторабында тұрмыз, яғни арнаның шамамен ортасындамыз. Арна айдыны негізінен аузсу мақсатында қолданылады. Сонымен қатар бұл арнаның балық шаруашылығы үшін де маңызы зор. Мұнда балықтар табиғи жолмен уылдырық шашады. Осылайша су айдынының фаунасы мен Қаныш Сәтбаев атындағы арнаның экожүйесі сақталады.
Сонымен қатар, арнайы балықтандыру шарасы да қатар жүреді. Бұл жолы бір жылдық тұқы шабақтары таңдалды. Шабақтардың салмағы 15-20 грамм аралығында. Олар Жамбыл облысынан жеткізілген.
Жарқын Қабдолов, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Павлодар қаласындағы тірек пунктінің меңгерушісі
Тұқытектес балықтар су қоймаларына жақсы бейімделеді. Сонымен қатар олар халық жиі тұтынатын бағалы балық түрлерінің бірі.
Су айдындары мен тоғандарды балықтандыру үшін көбіне күтімді көп қажет етпейтін, салмақты тез жинайтын, жергілікті климатқа бейім және экожүйе үшін пайдалы балық түрлері таңдалады. Олардың қатарында тұқыдан бөлек мөңке, дөңмаңдай, оңғақ және шортан сияқты балық түрлері бар.
Жангелді Қарабаев, ҚР АШМ балық шаруашылығы комитетінің зайсан-ертіс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары
Балықтандыру – балық ресурстарын сақтау және қалпына келтірудің, түрлік құрамды сақтаудың және өңір су айдындарында тұрақты балық шаруашылығы базасын қалыптастырудың практикалық тетіктерінің бірі.
Павлодар облысында биыл бекітілген су айдындарына 459 мыңнан астам тұқы және сазан шабақтарын жіберу жоспарланған. Балықтандырудың негізгі кезеңі қыркүйек пен қазан айларында жүргізіледі. Өйткені осы уақытта шабақтарды су айдындарына жіберуге ең қолайлы жағдай қалыптасады.
Александра Алябьева