Облыс әкімі отбасы күні қарсаңында көпбалалы жанұяларға азық-түлік, киім-кешек, қысқа жететін көмір және басқа да қажетті тауарлар сыйлады. Бұған дейін Әбілқайыр Сқақов мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен демеушілер арасында көмекке зәру отбасыларға жәрдем көрсетуге арналған қайырымдылық акцияны бастаған еді. 
 
Павлодар-Шарбақты тас жолында Еркебұлан Жүзбаев өртке оранған автокөліктен төрт адамды құтқарды. Содан соң жеңіл автокөлік жарылған. Мереке қарсаңында өңір басшысы ерлік танытқан азаматқа алғыс айтып, «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісі мен ақшалай сертификат табыс етті.
Еркебұлан Жүзбаев жұбайымен бірге екі қыз тәрбиелеп отыр. Ер адам сертификат қаржысын құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсамақ. 
Сонымен қатар мереке қарсаңында Әбілқайыр Сқақов жеті баланы тәрбиелеп отырған Жүсіповтер отбасының үйіне де барды. Былтыр облыс орталығына көшіп келген. Азық-түлік жиынтығынан бөлек, облыс әкімі балаларға спорттық киім-кешек, кимоно, домбыра сыйға тартса, жеті жасар Кәмшатқа ролик табыс етті. Сонымен бірге өңір басшысы құзыретті орган өкілдеріне жеке кәсіп ашу туралы отағасына кеңес беруді тапсырды.
Өңір басшысы көмек сұраған Толкачевтер отбасында да қонақта болды. Ерлі-зайыптылар бес баланы тәрбиелеп отыр. Оның бірі медициналық көмекке зәру. Әбілқайыр Сқақов балаларға қысқы киім, ойыншықтар, азық-түлік сыйлады. Дәрігер көмегін қажетсінген баланың мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бақылауына алды.
Сондай-ақ әкім көпбалалы ана Анар Шөкеновке де көмек көрсетті. 
Одан өзге, көп балалы анаға атаулы әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша заңгерлік көмек көрсетіледі. 
 
Аяулым Рахымжанова