Комплаенс қызметінің өзекті мәселелері талқыланды
Өңірде 102 мекемеде комплаенс-офицерлер жұмыс істейді. Олардың негізгі қызметтері қандай? Саланың қандай өзекті мәселелері бар? Әріптесімнің сюжетінен көрейік.
26 қыргүйек әлемде комплаенс-офицерлер күні аталып өтеді. Осы мереке қарсаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Алдымен жұмысында жоғары нәтиже көрсеткен қызметкерлер марапатқа ие болды. Бұдан соң қатысушылар жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылауға көшті. Бірінші баяндама жыл басынан бері комплаенс қызметтің атқарған жұмысының нәтижесіне арналды.
Майя Мұхамеджанова, ҚР мемлекеттік істер ангенттігі павлодар облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы
Сараптама көрсеткендей, ұйымдарда комплаенс-жүйесінің формальды элементтері негізінен қалыптасқан: жауапты тұлғалар дайындалған, ішкі құжаттар бекітілген, хабарлау арналары бар және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен тәжірибе жүзінде нәтижелілік әлі де төмен болып отыр. Негізгі мәселе – комплаенс қызметін мамандар кадрлық, заңгерлік, қаржылық қызметпен қоса атқарады. Бұл бақылау әлсіздігін төмендетеді және мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін.
Жиында квазимемлекеттік сектордың комплаенс мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері бас қосты. Іс-шара барысында қызметкерлер арасында экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.
Комплаенс-офицерлер ұйым ішіндегі заңнамалық талаптар мен стандарттардың қатаң сақталуын қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда және ұжымда адалдық пен ашықтыққа негізделген мәдениет қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан дөңгелек үстелде комплаенс қызметі өкілдерін филиалдағы оқыту мәселесі де қарастырылды. Ал қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан жауап алды.
Жұлдыз Қабылденова