Железин ауданында астық жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр
Железин ауданында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биыл шаруалар 220 мың гектар алқаптың өнімін жинауы тиіс. Қазірдің өзінде дәнді дақылдардың 55 пайыздан астамы орылып, алқаптарға картоп жинайтын техникалар шығарылды.
Бұл комбайндар мен техника «Эпов» шаруа қожалығының алқаптарында бірнеше аптадан бері тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Биыл шаруалар 2 мың гектарға бидай, 350 гектарға арпа егіп, тағы 1100 гектар жерді күнбағысқа бөлді. Қазір күн райының шуақты сәтін пайдаланып, бар күш дәнді дақылдарды жинауға жұмылдырылған. Дегенмен бұл маусымда ауа райы диқандарға үнемі қолайлы бола қойған жоқ.
Сергей Эпов, «ЭПОВ» ШҚ басшысы
Егін жинау науқаны жаман жүріп жатқан жоқ. Ауа райы біраз кедергі келтіргені рас: әуелі аптап ыстық болды, артынша нөсер жауындар басталды. Жалпы жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Қазір күн райы жақсы, астық сапалы болып пісті. Заманауи техниканың арқасында барлығын игеріп жатырмыз.
Шаруа қожалығы бидай оруды қыргүйек айының ортасына қарай толықтай аяқтауды жоспарлап отыр. Әр гектардың орташа өнімділігі шамамен 10 центнерді құрайды. Одан кейін диқандар майлы дақылдарды жинай бастайды. Ал Железин ауданының басқа бір шаруашылығында дәнді дақылдарды жинау жұмыстары әлдеқашан аяқталып, қазір олар картоп қазуға кірісіп кетті.
Рустам Евлоев, «Пахарь» ШҚ басқарушысы
Ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде бізде 3000 гектар жерге дәнді жүгері, 600 гектарға картоп, 1000 гектарға күнбағыс, 1000 гектарға рапс және 1200 гектарға дәнді дақылдар егілді. Біздің кешен – түгелімен суармалы алқап. Қазір, жоспарымызға сәйкес, картоп қазуды бастап кеттік. Дәнді дақылдарды жинап болдық. Сүрлемге арналған жүгерінің қажетті көлемін алып қойдық, қазір дәнін жинауға кірісу үшін ылғалдың түсуін күтіп отырмыз.
Ауа райының құбылмалы болуы «Пахарь» шаруа қожалығының жұмысына да әсер еткен. Дегенмен диқандар ауыл шаруашылық дақылдарының біршама түрі бойынша жақсы өнім көрсеткіштеріне қол жеткізе алды.
Бауыржан Қаңтарбаев, Железин ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жаңа технологиялар мен минералды тыңайтқыштарды қолданудың арқасында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріміз тұрақты әрі мол өнім алып жатыр. Аудан бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 10-12 центнерді құрайды. Бүгінге дейін дәнді дақылдардың жалпы егіс көлемінің шамамен 55 пайызы жиналды.
Биыл Железин ауданындағы ауыл шаруашылық дақылдарының жалпы егіс көлемі 220 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 113 мың гектарына дәнді дақылдар егілген. Ал былтыр небәрі 60 мың гектарды қамтыған майлы дақылдардың алқабы ұлғайып, биыл 99 мың гектарға жуық жерді алып жатыр.
Бауыржан Қаңтарбаев, Железин ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы
Биыл мемлекеттік қолдау шаралары барлық фермерге көрсетілді. Әсіресе, арзандатылған дизель отынын атап өтуге болады. Аудан үшін 4 мың тоннадан астам отын қарастырылған, бүгін оның шамамен 60 пайызы пайдалануға берілді. Сондай-ақ шаруалар машина-трактор паркін жаңартып, ұлғайтып жатыр. Биыл ауданға 80 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы әкелінді.
Сонымен қатар, ауданда жергілікті мал шаруашылығына қажетті қара шөпті дайындау жұмыстары да аяқталуға жақын. Межеленген жоспар 90 пайызға орындалған.
Жұлдыз Қабылденова