Негізгі Жаңалықтар Заңсыз және зиянды өнім жойылды

Заңсыз және зиянды өнім жойылды

Павлодарда заңсыз алкоголь, темекі, вейп және снюс жойылды. Жалпы құны – 52 миллион теңгені құрайды. Заңсыз тауарлардың арасында акциздік маркасы жоқ темекі мен электронды темекі, сондай-ақ қолдан жасалған алкоголь өнімдері бар.


Жойылған өнімдер сегіз аяқталған қылмыстық іс бойынша заттай дәлел ретінде тіркелген. Арнайы алаңға 440-тан астам электронды темекі, акциздік маркасы жоқ 13 мыңнан астам қорап темекі және 30-ға жуық снюс шығарылды. Сонымен қатар 350-ден астам бөтелке алкоголь өнімі жойылды.

Галиаскар Қасымов, экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары

Мұнда ел аумағына вейптерді заңсыз әкелу, дүкен сөрелерінен тәркіленген заңсыз темекі өнімдері және қолдан жасалған алкоголь өнімдері бар. Ең ірі қылмыстық іс осы қолдан жасалған алкоголь өнімдерін сатуға байланысты. Аталған өнімдердің барлығы техникалық спиртті сумен араластыру арқылы дайындалған. Өндіріс барысында ешқандай сертификаттау мен стандарттау талаптары сақталмаған, сондай-ақ өнімді дайындауға қажетті тиісті жағдайлар болмаған.

Шараға мектеп оқушылары мен студенттер де қатысты. Олар заңсыз өнімдердің қалай жойылатынын көріп қана қоймай, алкоголь мен никотин өнімдерінің адам денсаулығына әсері туралы мамандардан ақпарат алды.

Анна Сербина, Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы

Вейптен де, алкогольден де тәуелділік пайда болуы мүмкін. Өкінішке қарай, бұл – емдеуі қиын аурулар. Сондықтан мұндай өнімдерді мүлдем тұтынбаған дұрыс.

Ақәби Аңсаған, қала тұрғыны

Темекі және алкоголь өнімдері адам денсаулығына ғана зиян келтірмейді. Олар жастардың өміріне және болашақ ұрпаққа да кері әсер етуі мүмкін. 

Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында жалпы құны бір миллиард теңгеден асатын заңсыз өнім жоюға жіберілген.

Байтұрсын Жұмабай



Бөлісу