Негізгі Жаңалықтар Қызыл кітапқа енген Павлов итмұрыны

Қызыл кітапқа енген Павлов итмұрыны

Ғылым сирек кездесетін өсімдік түрлерінің генетикалық материалын сақтап, болашақта қажет болған жағдайда олардың популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Алматыдан мамандар Павлодар облысына арнайы келіп, өсімдік материалдарын жинады. Мұнда олар Қазақстанның Қызыл кітабына енген Павлов итмұрнын түрін тапты.  


Бір қарағанда, Павлов итмұрыны бұл өсімдіктің басқа түрлерінен еш айырмашылығы жоқ сияқты. Алайда ғалымдар оны сыртқы белгілеріне қарап тез ажыратады. Атап айтқанда, тікендерінің пішіні мен көлеміне, жапырақтары мен тостағанша жапырақшаларының ерекшеліктеріне, сондай-ақ жемісінің түсі мен пішініне назар аударады. Мамандар бір күн бұрын өсімдіктің 20 үлгісін тауып, жинап үлгерді.

Арман Төлеген, өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты гермоплазманы криосақтау зертханасының аға ғылыми қызметкері 

Жиналған үлгілер өңделіп, инвитро культурасына енгізіледі. Бұл – өсімдіктерді асептикалық жағдайда өсіру әдісі. Кейін осы өсімдіктердің тұқымдары сақталады. Генетикалық банк минус 196 градус температурада құрылатын болады. Бұл – Қазақстан бойынша біздің зертханада орналасқан жалғыз генетикалық банк. Қазір онда минус 196 градуста 1100-ден астам үлгі сақтаулы. Сонымен қатар минус 20 градуста ұзақ мерзімді сақтау жүйесі жасалады. Инвитро коллекциясы да құрылады, яғни өсімдіктер арнайы пробиркаларда сақталады. 

Зертханалық зерттеулерді жалғастыру үшін ғалымдар итмұрынның тұқымы бар жемістерін, жапырақтарын және вегетативті бөліктерін жинады. Бір ғана үлгіден болашақта көптеген жаңа өсімдік алуға болады.

Сирек кездесетін өсімдік түрлерінің осындай генетикалық қорын сақтау өте маңызды. Табиғи ортада оларға өрт, құрғақшылық, құрылыс жұмыстары, зиянкестер және қоршаған ортаның басқа да өзгерістері қауіп төндіруі мүмкін. Егер өсімдік популяциясы жойылып кетсе, сақталған тұқымдарды пайдаланып, оны қайта қалпына келтіруге болады.

Ескендір Сатеков, ботаника және фитоинтродукция институты ашық топырақтағы гүлдік-декоративті өсімдіктерді интродукциялау зертханасының меңгерушісі

Басқа жобалар аясында экспедициялар ұйымдастырылып, тұқымдар жиналды. Олар Ботаника және фитоинтродукция институтының генетикалық қорын толықтырды. Егер қандай да бір табиғи апат немесе антропогендік әсер салдарынан бұл өсімдіктер табиғатта жойылып кетсе, тұқым себу арқылы олардың табиғи популяциясын қалпына келтіруге болады. 

Алайда сирек кездесетін өсімдік түрін сақтау – табылған өсімдіктердің барлығын жинау деген сөз емес. Ғалымдардың басты қағидасы – «зиян келтірмеу». Сондықтан өсімдік саны тым аз болса немесе олар тұқым бермесе, мамандар оларға мүлдем тиіспейді. Генетикалық материал жинаудың орнына өсімдіктерді жай ғана бақылауда ұстайды: белгілі бір уақыт сайын келіп, олардың жағдайын тексереді және жойылып кетпеуін қадағалайды.


Самал Қалиқызы



Бөлісу