Негізгі Жаңалықтар Қаламгер-ұстаздың шығармашылық әлемі

Қаламгер-ұстаздың шығармашылық әлемі

Бүлдіршіндердің дүниеге деген көзқарасын қалыптастырып, олардың отансүйгіш, еңбекқор әрі мейірімді болып өсуінде көркемсөз де маңызды орын алады. Келесі сюжетіміздің кейіпкері – балалар әдебиетіне бет бұрып, оқушылардың сауатын ашумен қатар, бойына ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді сіңіріп жүрген қаламгер-ұстаз. Экранға зер салайық.


Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгий жерінде дүниеге келген Гүлімай Оңалханқызы 1997 жылы Тереңкөл ауданына көшіп келген. Атажұртына оралған соң, шығармашылықпен айналысуды қолға алған. Содан бері құрастырған екі кітабы жарық көріп үлгерді. Алғашқысы – «Қиял әткеншегі» деген поэзиялық еңбегі.

Гүлімай Оңалханқызы, Қ. Оспанова атындағы №3 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі

«Бірінші кітап «Қиял әткеншегі» деп аталады. Бұның «Қиял әткеншегі» деп аталу себебі – кішкентай күнімізде біз тербеліп ойнаған әткеншек мен отыз жылдан кейін сол туған жеріме барғанда, сыры кетсе де, сыны кетпей, әлі тербеліп тұрғанын көріп, «Қиял әткеншегі» деген өлеңді жазған едім. Осы кітапты шығарарда осы «Қиял әткеншегі» деген өлеңімді тақырыбын бас етіп қойдым.» 

Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Ол балалардың бойына біліммен қоса, ізгілік қасиеттерді дарытуды мақсат етеді. Сол себепті ұстаздық мен шығармашылық жолды қатар алып, балалар әдебиетіне қалам тербеп, жас жеткіншектерге арналған туындысын да жарыққа шығарды. Айтуынша, қазір балалардың кітапқа емес, смартфонға құмар болып бара жатқаны қатты алаңдатады. Осы тұста балдырғандардың тілі жатық, ойы ұтқыр болуы үшін кітапқа деген қызығушылығын арттыру қажет.

Гүлімай Оңалханқызы, Қ. Оспанова атындағы №3 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі

«Бұның оқырмандары – өзімнің алдымда отырған оқушылар. Сондықтан мен балаларға үнемі айтамын «Осы елдің болашағы – сендер» деп, болашақты үнемі соларға аманат етіп отырамын. «Қиянат етпеңдер, осы сендерге аманат, қазақ елінің келешегі – сенің болашағың» деп отырамын. Диалогтық қарым-қатынас жоқ балаларда, сондықтан кітапты көп оқуына қазірден бастап, мектепте болған соң, күнделікті айтып отырамыз. Бірақ балаларды қызықтыру үшін комикстері көп, қысқа-қысқа әңгімелер, қысқа-қысқа өлеңдер жазуға өзім ойланып жүрмін.» 

Қаламгер туындылары өз оқырманын тауып отыр. Кітаптарының таныстырылымы өз ауданында ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де өтіп, әдеби қауым тарапынан лайықты бағасын алды. Автор қазір үшінші кітабын әзірлеуде. Бұл да бүлдіршіндерге арналған танымдық туынды болмақ. Алдағы уақытта қаламгер балалар әдебиетімен қатар, поэзиялық және прозалық бағыттағы жаңа кітаптарын да оқырманға ұсынуды жоспарлап отыр.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу