Үкімнен кейінгі рақымшылық
Екібастұздағы түзету орталығында ерекше қажеттілігі бар балаға қатыгездік көрсету ісі сотта өз шешімін тапты. Айыпталушы кінәлі деп танылғанымен, рақымшылыққа байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Толығырақ — әріптесімнің материалында.
Оқиға 2025 жылдың қазан айында әлеуметтік желілерде Екібастұздағы түзету орталығында орнатылған бейнебақылау камераларынан түсірілген жазбалар тараған кезде көпшілікке белгілі болды. Кадрлардан мекемеде тәжірибеден өтіп жүрген студенттің сабақ барысында ерекше қажеттілігі бар балаға қатыгездік танытып, дөрекі әдістер қолданғаны көрінеді. Бастапқыда мұндай әрекеті үшін айыпталушыға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда сот талқылауы барысында жағдай өзгерді.
Жұлдыз Камалова, Павлодар облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабына, сондай-ақ ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 387, 390, 393, 395, 368, 401 және 402-баптарына сәйкес, сот Иханов Айбек Нариманұлын қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігіне сәйкес оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды.
Жәбірленуші Айлананың анасы сот шешімімен келіспейді. Оның пікірінше, айыпталушы қатаңырақ жазаға тартылуы тиіс. Сондай-ақ ол болған оқиғаның салдары әлі күнге дейін баланың жағдайына әсер етіп отырғанын айтады.
Самал Нұрашева, жәбірленуші баланың анасы
Менің ойымша, бұл жағдайда әділ жаза — 1 жылға бас бостандығын шектеу болатын. Алайда 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияға сәйкес рақымшылық жасалды. Шынымды айтсам, бұл жағдай менің көңілімді түсірді. Себебі рақымшылық осындай жағдайларда жалғаса берсе, мұндай қылмыстардың қайталануына жол ашылады деп ойлаймын.
Сот шешіміне сәйкес, айыпталушы жәбірленушінің отбасына моральдық зиян үшін өтемақы ретінде 500 мың теңге төлеуге тиіс. Сонымен қатар, адвокат қызметіне жұмсалған 1 миллион 350 мың теңге көлеміндегі шығынды өтеуі қажет.
Самал Қалиқызы