Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі Тереңкөл ауданында

Облыс әкімі Тереңкөл ауданында

Тереңкөл ауданында жаңа жылу беру нысаны салынуда. Құрылыс да аяқталуға жақын. Жоспар бойынша блок модульді қазандық әлеуметтік нысандар мен қатар, тұрғынүйлерді де жылмен қамтамасыз етпек. Аймақ басшысы Асайын Байханов арнайы барып тексерді. 


Тереңкөл ауданында бұған дейін тоғыз қазақндық жұмыс істеп тұрды. Алайда, бәрі ескірген. Жаңа блок-модульді қондырғы орталықтандырылған жылумен қамту аясын кеңейтіп, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Яғни, ескі қазандықтарға артылар жүк жеңілдейді. Соңғы жылдары орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуға ниет білдірушілердің саны артқан. Блок-модульді қазандықтың қуаты – 4,4 МВт. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы 90 пайызға жетті. Аймақ басшысы бұл қазандыққа алдымен әлеуметтік әлсіз топтар қосылуы керектігін айтты. 

Бұдан соң облыс әкімі Терең ауданында орақ науқанын қалай жүріп жатқанын тексерді. Аудан бойынша биыл 318 мың гектар алқаптан өнім жиналуы тиіс. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мың гектарға артық. Аудан әкімі Азамат Маңғытовтың айтуынша, жалпы егіс алқабының 143 мың гектарын дәнді дақылдар, 151 мың гектарын майлы дақылдар, 21 мың гектарын жемшөп және екі мың гектарын көкөніс дақылдары құрайды.

Ауданда күзгі науқан жоспарға сай жүруде деді аудан әкімі. Ауа райы да қолайлы. Осы сәтті пайдаланып, бірінші кезекте орылуы тиіс дәнді дақылдар жиналуда. 

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы бірқатар шаруашылықтың жұмысымен танысты. Соның бірі – «Өркен-ПВ» ЖШС. Шаруашылықта суармалы егіншілікке басымдық берілген. Негізгі өнімнің бірі – картоп. Сонымен қатар бидай және қыша өсіріледі. Сондай-ақ «Жанарғалиев» шаруа қожалығының жұмысымен танысу барысында мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар көрсетілді. Қожалық 2014 жылдан бері ресми түрде жұмыс істеп келеді. Мұнда негізінен қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы мен Алтай тұқымды жылқылар өсіріледі. 


Бөлісу