Павлодар қаласының құрметті азаматы, ҚР көлік саласының еңбек сіңірген қызметкері, КСРО-ның құрметті теміржолшысы Әби Сарқыншақов өмірден өтті.
Әби Сарқыншақов 1934 жылы өмірге келген. 1956 жылы Ташкенттегі Теміржол көлігі инженерлік институтын аяқтаған. Ардақты азамат көзінің тірісінде «менің өмірім – теміржолға ұқсайды» дегенді жиі айтатын. Расымен де, ол қарапайым теміржолшыдан бастап, орталық басшысына дейін еңбек атқарды. Әби Сарқыншақов аталмыш саланың дамуына сүбелі еңбегін қосып, бірнеше маратапаттарға да ие болды. «Ленин» ордені, «Құрмет белгісі» тағысын тағы. Бұл тізімге «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін», ҚР құрметті теміржолшысы, Павлодар қаласы мен Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының құрметті азаматы марапатын да жатқызуға болады. Сонымен қатар, еліміздің әдеби-мәдени салаларына да ат салысқан.
Светлана Цивенко, Павлодар теміржол бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бұл кісі біз үшін Аңыз адам. Мен бұл сөзді айтудан қорықпаймын. Шынымен де оның жүріп өткен жолы, еселі еңбегі, барлығы біздерге үлгі болатын. Әр нәрсені баппен істейтін. Жаңа идеяларды, тың туындыларды жарыққа шығарудан еш тартынған емес. Әби Сарқыншақовтың арқасында Павлодардағы теміржол бөлімшесі қалыптасты десек те болады.