Шарбақты ауданында 220 адам баспана кезегінде тұр. Бүгінде көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жетім балаларға берілетін аудан орталығында 18 пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың 95 пайызы орындалған. Бірақ пәтерлерді сатып алу үшін облыстық бюджеттен 172 млн теңге қаражат қажет.
Аудандағы ең өзекті де өткір мәселе - баспана. Тұрғындардың жалдап тұруы үшін де үй жоқ. Өткен жылы бос тұрған ғимараттарды жөндеу арқылы 27 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілген. Бірақ бұл мәселені толық шешпейді.
Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:
Маған жеке қабылдауға келетін азаматтардың 70-80 пайызы үй мәселесін көтереді. 220 адам деген біз үшін өте көп. Негізі аудандағы ең үлкен мәселелердің бірі деп санаймын. Өйткені бізде 4 шекара заставасы бар. Азаматтардың барлығы біздің ауданда үй жалдап тұрады. Олардың үй жалдауына үкімет жақсы ақша береді. Сондықтан қарапайым халықтың үй жалдау мәселесі де тұр. Үй жоқ.
20 шақырымға тасжол төселеді
Орман алқабында орналасқан Жаңаауыл ауылына апарар жол жоқ. Биыл Галкино ауылынан елдімекенге дейін 20 шақырымға тасжол төселеді дейді аудан басшысы. Жыл соңына дейін жұмыстар аяқталуы тиіс.
Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:
Щибенка ғана қалған. Ауылға барған сайын адамдар ауылға жете алмаймыз, қашан жолды жасап бересіндер деп айтатын. Биыл Алла қаласа сол жол жөнделеді. Ауылішілік жолдар. Жаңауылда 1 см асфальт жол жоқ. Келесі жылға «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша бізде екі ауыл кіріп отыр. Хмельницкий және Жаңаауыл ауылы. 187 млн қарастырылып отыр.
24 мың гектар жер халықтың пайдасына берілді
Шарбақты ауданында биыл жауын-шашынның аздығына қарамастан бидайдың шығымы жақсы дейді Әзілхан Әбеуов. Шаруалар бір гектарынан 8 центнер алып жатыр.
Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:
Біз Ертіс өзені бойында отырған жоқпыз. Бірақ шаруалар сәбіз өсіріп жатыр. Бұрын болмаған. Біз 800 метр су қазамыз. Кішкене қиындау, бірақ айналысып жатырмыз.
Сондай-ақ әкім ауданда жайылым мәселесі бар екенін де жасырмады. Жыл басында 49 мың га аумақ жетпеген. Бүгінде соның тең жартысы халықтың пайдасына берілді.
Аяулым Рахымжанова