Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасының 11-туры аясында «Ертіс» өз алаңында елордалық SD Family командасымен кездесті. Ойын тартысты өтті. Жанкүйерлердің қолдауы мен ойыншылардың жанкештілігі нәтижесінде павлодарлықтар маңызды үш ұпайға қол жеткізді.

Бұл ретте «Ертістің» бас бапкері Ринат Алюетов бірден үш жаңа ойыншыны негізгі құрамда алаңға шығарды. Араға бес жыл салып командаға оралған Арман Кенесов, Абинұр Нұрымбет пен Темірлан Төребек өздерін жақсы қырынан көрсетті. Елордалық команда ойыннан бас тартпады. Бірнеше рет есеп ашуға мүмкіндік алды. Бірақ «Ертіс» қақпасын сенімді қорғап қалды. Алғашқы таймның соңына қарай Матвей Герасимовтың дәл пасынан кейін Максим Федин есеп ашты. Екінші таймда павлодарлық Арман Смаиловтың қос голының нәтижесінде қорытынды есеп – 3:0 болды.

нәтиже маңызды болды. Бір ғана мақсатымыз бар – чемпион атану. Павлодар құрамасы Премьер-лиганы сағынды. Біз осы команданы қайта жоғары деңгейге жеткізуіміз керек. Қарсылас мықты болды. Бірақ біздің ойыншылар соңына дейін сенімді болды. Кейбір футболшылар жарақат алғанына қарамастан алаңнан кетпей ойнады. Бұл нағыз ерлік. Соңғы екі матчта 10 гол соқтық. Бұл – команданың дамып келе жатқанын көрсетеді.

Осы жеңістен кейін «Ертіс» 24 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынды сақтап қалды. Келесі ойын 4 шілдеде Алматы қаласында өтеді. Онда павлодарлықтар «Хан-Тенгри» командасымен кездеседі. Ал 11 шілде күні өз алаңында «Алтай-Өскеменге» қарсы ойнайды.

Сабина Жолдаспаева