Соңғы үш айда «Көктем» саяжай аумағындағы тұрмыстық қалдықтардың жиналмауы тұрғындарды алаңдатып отыр. Көпшілік бірнеше рет учаске төрағасына шағым түсіргенімен, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, аулада жиналып қалған қоқыс күн өткен сайын көбейіп, айналаға жағымсыз иіс таратып жатыр. Бұл тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар адамдардың денсаулығына да қауіп төндіреді.
Тұрғындар бұл жердің санитарлық жағдайына алаңдайды. Айтуларынша, көктемде аумақты тазалап, барлығын ретке келтірген. Бірақ содан бері жағдай күрт өзгерген. Қазір бұл жерде күнде қоқыс шашылып жатады. Суретке түсіріп, арнайы қызметке жіберген кездері де болған. Алайда, нәтиже жоқ. Арнайы қоқыс көлігі тек контейнердегі қалдықтарды ғана жинап әкетеді. Ал контейнерден тыс жатқан қоқыстар орнында қала берді.
Любовь Скабелкина, «Көктем» саяжай аумағының тұрғыны
Соңғы рет қоқыс көктемда жиналған болатын. Бірақ содан бері ешкім тазартпады. Жел тұрғанда, бәрі жан-жаққа ұшып кетеді. Өтіп бара жатып жинап аламыз, бірақ ертеңіне тағы жатады. Жағымсыз иіс шығып, шыбын-шіркей қаптап кеткен. Бұл жер кімге тиесілі екенін білмейміз, бірақ бір шектеу қойып, қоршап қою керек еді. Өйткені мұнда өрт шығу қаупі де жоғары.
Осы жағдайға байланысты қалалық әкімдік ресми түсініктеме берді. Айтуларынша аталған аумақтағы тазалықты қалпына келтіру жұмыстары қолға алынатын болады.
Данияр Жұмаділ, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы
Саяжай аумағындағы мәселе бойынша, қазір бұл мәселе тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жеткізілді. Олар бірден назарға алды. Ертең барлық қоқыс тазартылады.
«Ертіс» телеарнасы бұл жағдайды бақылауда ұстайды.
Сабина Жолдаспаева