Президенттік кадр резервіне өткен жас мемлекеттік қызметкерлер жайлы айтуды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз Дархан Мырзабаев, жас та болса бас болып облыстың білдей бір басқармасын басқарып отыр.
Павлодар обылысында мемлекеттік қызметте жасы жаңа отыздан асқан азаматтар жетерлік. Олардың бәрі болашағынан зор үміт күттіретін, тәуелсіз елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ететіндей азаматтар. Мәселен, Екібастұз қаласының тумасы Дархан Мырзабаев небәрі 32 жаста. Осы уақытқа дейін ол әлемнің үздік білім ордаларында оқып, шетелдік компанияларда жұмыс істеп үлгерді.
Дархан Мырзабаев, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
Біз мектеп аяқтаған жылдары мемлекеттік қызметкер мамандығы бойынша оқуға түсу қиын болды. Гранттар аз еді. Сондықтан мен геофизик техникалық мамандығын таңдадым. Магистратураны Францияда оқыдым. Кейін сейсмикалық корабльде жұмыс жасадым, мәліметтерді өңдедім. Малайзия, Норвегия, Америкада жұмыс жасадым. Бірақ түбінде елге келетінімді білдім.
Елге оралған соң ол Өскеменде бірнеше жыл еңбек етіп, «Болашақ» бағдарламасы аясында Қытайға оқуға түскен.
Дархан Мырзабаев, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
Мен елге келіп, еңбек еткісі келетін жастар үшін Болашақ бағдарламасы керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Шанхайда Қытай-Еуропалық бизнес мектебін аяқтадым. Негізгі бағыт цифрлық бизнес болды. Елге келгесін консалтингтік компанияда жұмыс жасадым. Сосын Президенттік кадр резервіне өтіп, топ 50-ге кірдім. Облыста вакансия пайда болды дегенді естіп, өз өңіріме қызмет етуге келдім.
Дархан қарапайым отбасыдан. Жанұясында мемлекеттік қызметті ешкім таңдамаған. Бірақ өзінің білімі мен бойындағы алғыр қасиеттерінің арқасында бүгінде бірқатар жетістікке жетті. Ағылшын, қытай, француз тілдерін еркін меңгерген. Шетелдік компанияларда мүмкіндіктердің барына қарамастан, жүректегі балалық арман жеңіп кетті, дейді.
Дархан Мырзабаев, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
Бұл менің мемлекеттік қызметтегі алғашқы қызметім. Әрине мен басқарып отырған басқармада бірқатар шешуді қажет ететін мәселелер бар. Ол мысалы шалғай ауылдарда интернет, не байланыс жоқ. Соның бәрін реттеу біздің басқарма құзыретіне кіреді. Қоғамға, өз өңірімнің дамуына үлесімді қосқым келеді.
Дархан Мырзабаев қызметінде жауапты іскер басшы болса, үйінде балаларына сүйікті әке, адал жар.
Самал Қалиқызы