Негізгі Жаңалықтар Екібастұз әуежайы 2028 жылы қайта жұмысын бастайды

Екібастұз әуежайы 2028 жылы қайта жұмысын бастайды

Жұмысының тоқтағанына 20 жыл болған Екібастұздағы әуе қатынасы 2028 жылы қайта жанданбақ. Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байханов халықаралық форумда айтты. Әуе көлігінің оралуына өңірдегі экономикалық өркендеу мен оң өзгерістер негіз болып отыр. 


Екібастұздағы әуежай 2008 жылдан бері әуе рейстерін қабылдамайды. Сол себепті аэровокзал ғимараты ескіріп, ұшу-қону жолағын шөп басып кеткен. Енді бұл нысан қайта жаңғыртылмақ. Яғни, жаңадан әуежай салынбайды, ескісі қалпына келтіріледі. Мамандардың сараптамасы көрсеткендей, аэровокзал мен ғимараттардыңың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, ал негізгі жұмыстардың көбі аэродромда жүргізіледі.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Екібастұз үшін маңызды кезең басталып жатыр. Қаланың өнеркәсіптік әлеуеті зор: ол тек кеншілер мекені емес, сондай-ақ энергетика мен теміржол саласының ірі орталығына айналып, үлкен теміржол кластерін дамытуда. 1986–2008 жылдары жұмыс істеген Екібастұз әуежайын қалпына келтіру жоспарланып жатыр. Бала күнімізде әкеммен бірге осы әуежайдан Мәскеуге ұшқаным әлі есімде. Қазіргі бұл жоба қарқынды жүзеге асырылуда және 2028 жылы оны толық аяқтап, ашамыз деп үміттенемін. 

Әуе қатынасын жандандыру жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз етумен шектелмейді. Екібастұздың экономикалық моделі жаңарып, тек көмір өндіріп қоймай, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, агросектор, сауда және қызмет көрсету салалары да қарқынды дамып келе жатқан орталыққа айналуда. Осыған байланысты өңір басшылығы атап өткендей, жаңа заман талабына сай әуежай іскерлік байланыстарды нығайту, инвесторларды тарту және өңірдің көлік логистикасын жақсарту үшін аса қажет.

Екібастұз әуежайы күрделі жөндеуден өткен соң, қандай тұрақты бағыттардың ашылатыны әзірге жарияланбады. Дегенмен қазірдің өзінде Павлодар мен Омбы бағытындағы әуе қатынасын ашу туралы келіссөздер жүріп жатыр. Асайын Байхановтың айтуынша, бұл мәселені Ресей әріптестерімен бірлесіп шешудің бірнеше жолы қарастырылуда.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Алдағы нақты қадамдардың бірі ретінде Павлодар мен Омбы қалалары арасында тікелей әуе рейсін ашу қарастырылуда. Бұл мәселені біз кеше құрметті қонақ Виталий Павловичпен жол бойында талқылағанбыз. Қазір осы бағыттағы әуе қатынасын жолға қоюдың бірнеше тәсілін таптық және оны екі аймақ бірлесіп жүзеге асырады.

Бұл бастаманы Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко қолдайды. 

Виталий Хоценко, Омбы облысының губернаторы 

Өзара экономикалық қарым-қатынастардың артып, тарихи байланыстарымыздың терең екенін ескере отырып, Асайын Қуандықұлының Омбы мен Павлодар арасында тікелей әуе рейсін ашу туралы ұсынысын толықтай қолдаймын. Омбы-Астана бағытындағы әуе рейстерін 16 қазаннан бастап жұма және жексенбі күндері қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Ал 25 қазаннан бастап бұл бағыт күнделікті қатынайды.

Осылайша, аймақ басшылығы әуе бағыттарының географиясын біртіндеп кеңейтіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы логистикалық және экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуды көздеп отыр.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу