Негізгі Жаңалықтар Тұрғындарға жол үстінде кеңес берілді

Тұрғындарға жол үстінде кеңес берілді

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Әділет департаментінің мамандары трамвайға отырып, жолаушыларға құқықтық кеңес берді. Күнделікті өмірде түрлі мәселемен мемлекеттік мекемелерге жүгінуге тура келеді. Ал бұл жолы қажетті кеңес жолаушының өзіне жол үстінде ұсынылды. 


Трамвайдың іші шағын құқықтық кеңес беру орнына айналды. Мұнда нотариус, жеке сот орындаушысы және заңгер маман жолаушылардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар баспана мен құжат рәсімдеуден бастап, қарыз және сот мәселелеріне дейін кеңес алды. 

Даниел Татаев, Павлодар облысы әділет департаментінің басшысы

Қазір бүкіл ел бойынша «Заң және тәртіп» акциясы өтіп жатыр. Ертең кәсіби мереке Әділет органдары қызметкерлерінің күні. Осыған орай бүгін «Әділет кеңес береді» атты шағын іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Трамвайға отырып, жол бойында кеңес алғысы келетін жолаушыларға көмек көрсетуді жөн көрдік. Олардың қандай да бір сұрағы болуы мүмкін. Мұндай шараларды біз жиі өткіземіз. Осы ретте трамвай басқармасының басшылығына да алғыс айтқым келеді. Олар осындай бастамаларға үнемі қолдау көрсетеді. Әділет органдары мұндай акцияларды трамвайда ғана емес, басқа да ұйымдарда ұйымдастырып келеді.

Бұл бастама тұрғындар үшін жылжымалы құқықтық көмек орнына айналды. Жолаушылар өз сауалдарына жауап алып қана қоймай, мәселені шешу үшін қай мекемеге жүгіну керегін және қандай қадам жасау қажеттігін білді. Яғни, мәселенің дұрыс шешімін табу үшін ең алдымен қайда жүгіну керегін білу маңызды.

Даниел Татаев, Павлодар облысы әділет департаментінің басшысы

Бұл жерде азаматтар өздерін қызықтырған көптеген мәселе бойынша көмек алды. Яғни заң саласына қатысты сұрақтардың барлығына дерлік кеңес беруге мүмкіндік бар. Қазір тұрғындар көбіне көппәтерлі үйлердегі ортақ мүлік бірлестігін құру, басқарма ауыстыру сияқты мәселелерді көтереді. Бұл тұрғындар үшін маңызды мәселелер. Сонымен қатар қарызы бар немесе біреуден қаражат өндіру мәселесіне тап болған азаматтар да жүгінеді. Мұндай жағдайда сот орындауына қатысты сұрақтар қойылады.

Осындай мүмкіндікке Павлодар қаласының тұрғыны Арман Жұмагелдин де жүгінді. Оның мәселесі жаздан бері шешімін таппай келген. Азамат автомектепте оқығанын растайтын сертификатқа қатысты мәселе бойынша кеңес алды. Мамандар оған мәселені әрі қарай қай мекеме арқылы шешуге болатынын түсіндірді.

Арман Жұмагелдин, Павлодар қаласының тұрғыны 

Жазда автомектепте оқып, көлік жүргізу құқығын алу үшін маусым айында сертификат алған едім. Бірақ осы уақытқа дейін оның ХҚКО базасында расталмай тұрғаны мәселе болып отыр. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігіне де жүгіндім. Бірақ нақты жауап алмадым. Бүгінгі акция маған мәселені шешу үшін қай департаментке жүгіну керегін және бәрін қалай дұрыс жасау қажет екенін білуге көмектесті.

Жолаушылар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша қажетті жауап алды. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы мұндай кездесу тұрғындарға қажетті кеңесті арнайы мекемеге бармай-ақ, күнделікті жол үстінде алуға мүмкіндік берді. 

Сабина Жолдаспаева



Бөлісу