Негізгі Жаңалықтар «Ертіс-Баян» ІІ республикалық театр фестивалі өтуде

«Ертіс-Баян» ІІ республикалық театр фестивалі өтуде

Павлодарда «Ертіс-Баян» II республикалық театр фестивалі өтуде. Керекулік көрермендер бірнеше күннен бері еліміздің үздік театрларының өнерін тамашалауда. Байқауға Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры қатысып, Карло Гоццидің “Турандот” туындысын көрермен назарына ұсынды. 



 «Турандот» трагикомедиясы түгел түркі жұртының қайғы шеккен кезеңін баяндайды. Тарихи-саяси фонда «ақсүйек адамдардың» өзара күресін, қос ғашықтың ішкі мақсат-мұратын, «кішкентай» адамдардың ойлау жүйесін, өмір салтын кіріктірген.

Сайлау Қамиев, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры

Бұл жерде өте қызық режиссерлық шешімдер, актерлық ойындардың өзіңде көптеген жаңалықтар бар. Қазіргі заманауи тірі театр бағытында жасалып жатқан жұмыстардың бір осы қойылым. Қоюшы режиссері Әлібек Өмірбекұлы деген өте талантты, жас режиссер. Ойлантатын, адамға әсер ететін сәттері өте көп. Бұл бұрыннан көріп жүрген Турандот ханшайымы емес, бұл жерде күле отырып ойлану бар, қазір біздің қоғамда олып жатқан көптеген дүниелердің барлығын өнер тілімен халықпен бөлісу.

Театр тарландарының әр спектаклін қазылар талқылап, әділ бағасын беруге тырысуда. Фестиваль қазақ театрларының басын қосып, тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізеді. 

Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының мүшесі

Келген спектакльдердің деңгейі өте жоғары. Қазақ театр өнерінің өскендігі көрініп отыр, мен ол жағынан өте қуаныштымын. Жалпы, осы Ертіс-Баян театр фестивалінің деңгейіне риза болдым, ұйымдастырылуы, бәрі жоғары. Және әрбір театр немқұрайлы қарамаған, кәдімгідей тыңғылықты дайындалып, ең мықты деген спектаклін әкеліп отыр. Олардың ішінен сараптап шығу да оңай емес, алдағы уақытта көреміз.

Фестиваль аясында көрсетіліп жатқан қойылымдардың барлығын тамашалуға тырысатын көрермендер де көп. Олардың жылы лебізі мен шынайы пікірлері өнер ұжымдары үшін үлкен қолдау. 

Назгүл Асайынова, көрермен

Осы спектакльдерден шын таланттың өнерін көргім келеді. Театр ол жай ғана мәдени орта емес, адамның жан дүниесін ашатын, тыныштандыратын орта. Сондықтан өзіме рухани ләззат алу үшін келіп отырмын, осыны күтемін қойылымдардан.

«Ертіс-Баян» II республикалық театрлар фестивалі Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының негізін қалаушы, режиссер Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына арналып өтуде.


Қымбат Садық


Бөлісу