Негізгі Жаңалықтар Іскерлік жанжал адам өліміне әкелді

Іскерлік жанжал адам өліміне әкелді

Павлодарда кәсіпкерді қазаға ұшыратқан қылмыстық іске қатысты сот процесі аяқталды. Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиғаға марқұм мен оның іскерлік серіктесі арасындағы жанжал себеп болған. Сотталушы кәсіпкерге аса ауыр пышақ жарақатын салып, кейін қылмыс ізін жасыруға тырысқан. Артынша елден қашқан. 


Оқиға өткен жылдың ақпан айының ортасында болған. Кәсіпкерлердің арасында іскерлік мәселеге қатысты келіспеушілік туындаған. Осыдан кейін марқұм серіктесімен сөйлесу үшін көпқабатты үйдің ауласындағы гаражға барған. Алайда кездесуге алдын ала дайындалған сотталушы бейнебақылау камерасының көзін жауып, аңшылық пышағын алып, оған шабуыл жасаған. Қылмыс жасағаннан кейін ол ізін жасыруға әрекеттенген. Кәсіпкердің денесі мен көлігін өзіне тиесілі гаражға жасырған. Кейін Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Алайда күдікті Ресейде ұсталды. 

Айнұр Юсупова, Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы

Қылмыстық-процестік кодекстің тиісті баптарын басшылыққа ала отырып, сот сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған орта қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Марқұмның туыстары сот үкімімен келіспейді. Олар тағайындалған жазаны тым жеңіл деп санайды. Сондықтан сотталушыға неғұрлым қатаң жаза тағайындауды талап етпек.

Сот сондай-ақ сотталушыны марқұмның отбасына моральдық зиян үшін бірнеше миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.


Сабина Жолдаспаева 





Бөлісу