Негізгі Жаңалықтар «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» 

«Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» 

Сонымен қатар, фестиваль аясында «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» атты республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары, елімізге танымал театртанушылар мен сыншылар, ғалымдар, Ерсайын Тәпеновтің туыстары қатысты. Толығырақ тілші сюжетінен көрейік. 


Театр тарихы – сахнада қалған спектакльдер мен есімдер ғана емес, архив қатпарында жатқан құнды деректерден, уақыттың үнін жеткізетін естеліктерден құралады. Осы тұрғыда «Қырсекциядан» Аймауытов театрына дейін» атты тарихи зерттеу кітабы жарық көрді. Кітапта театрдың қалыптасу кезеңдері мен шығармашылық жолына қатысты тың деректер топтастырылып, өнер тарихының беймәлімдеу беттері қайта парақталған. 

Мұрат Аяғанов, журналист, публицист

Тарихты алып қарайтын болсақ, 38 ден 45 жылға дейін Павлодар облысында екі театр өмір сүрген, қазақ театры. Біреуі облыстық қазақ театры, екіншісі Бесқарағай аудандық театры олып есептелген. Бірақ, Бесқарағай театры кейін Ақсу қаласынан көшіп келеді, ол кезде Ақсу Когонович ауданы болып аталды. Кейін 48 жылы өңірлік қазақ театры мен Когонович театры біріктіріліп,облыстық қазақ совхоз театры болып аталып кетеді.

Ғылыми конференция қазақ театр өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер тұлғасының шығармашылық жолын кеңінен зерделеп, оның режиссерлік ізденістері мен сахнаға әкелген жаңашыл бастамаларын ғылыми тұрғыда талқылауға мүмкіндік берген тағылымды басқосу болды. 

«Ертіс Баян» республикалық фестивалі отандық театр өнерінің үздік туындыларын насихаттап, заманауи театр үрдістерін айқындау, шығармашылық байланысты нығайту, актерлердің кәсіби деңгейін арттыру және жаңа есімдерді таныту мақсатында өткізіліп жатқандығын айта кеткен жөн. 

Сахна – бүгін мен кешені жалғайтын көпір. Ал театр тарихын зерделеу – сол көпірдің берік негізін тану. «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» конференциясы да осындай сабақтастықтың айқын көрінісіне айналып, театр өнерінің өткені мен бүгінін тоғыстырған мазмұнды мәдени-ғылыми алаң болды.

Қымбат Садық


Бөлісу