Шарбақтыдағы мектеп асханасында жаппай улануға қатысты тексеру нәтижесі белгілі болды. Санитарлық эпидемиологтар Шарбақты ауданы орталығындағы №2 орта мектептің асханасын жоспардан тыс тексеруді аяқтады. 

Мамандар микробиологиялық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алған. Тамақ әзірлейтін қызметкерлердің тазалығы да тексерілді. Бірақ зертханалық талдау нәтижелері қалыпты нормада болды. Соған қарамастан заң бұзушылықтар анықталды. 
Гүлнәр Ақылбекова, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Тексеріс нәтижесі бойынша асханада бірқатар заңбұзушылық анықталды. Ас мәзірі сақталмаған, күн сайын тамақтың бір түрі қайталана берген. 7 мен 8 қыркүйек күні мәзірде қарақұмық болды. Аспазшылардың жеке гигиенасы сақталмайды. Медициналық рұқсаты да болмаған. Мұздатқышта температура режимі сақталмаған. Осы және зертханалық зерттеудің нәтижелері бойынша балалардың асхана тамағынан уланғанына толық негіз бар деп айта аламыз.
Тексеру материалдары полицияға тапсырылды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.  
Еске салайық, тамақтан улану белгілері 9 оқушыда болған. Балалар құсып, іштің ауырсынуына шағымданды. Төрт оқушы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан емделіп шықты. 

Самал Қалиқызы