Ертіс өңірінде күзгі дала жұмыстары қызған сәт. Павлодарлық диханшылар мен егіншілер қазіргі күннің өзінде 914 мың гектарға жуық астық орып, 653 мың тонна картоп жинап үлгерген.

Күзгі егін жинау науқаны басталғалы павлодарлықтар 1 млн 351 гектардай алқаптан өнім алған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 138 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар 84 мың гектарға,   майлы дақылдар 24 мың, картоп бес мың,  басқа да көкөністер мен бақша дақылдары бір мың гектарға артты. 
Нұрболат Мақашев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Егін жинау науқанын оңтайлы жүргізу үшін облыста машина паркі толық дайындалды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаражаты есебінен 16,8 млрд.теңгеге 687 бірлік техника сатып алынды. Бүгінгі таңда егістіктерде 2266 трактор және 2075 комбайн, оның ішінде 1952 астық жинайтын комбайн, 735 дестелегіш жұмыс істейді. 
Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 23 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Дәнді дақылдардың 96 пайызы жинап алынған. Орташа өнімділік гектарынан 10 центнер. 
Нұрболат Мақашев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Майлы дақылдар 33%, орташа өнімділік 5,3 ц/га. картоптың 84%, орташа өнімділігі 312 ц/га. көкөністердің 87%, орташа өнімділік 298 ц/га. Бақша дақылдарын жинау аяқталды, орташа өнімділік 424 ц/га. 
Дәнді дақылдар бойынша ең жоғары өнімділік Успен, Тереңкөл, Железин және Ертіс аудандарында байқалады. Шаруалар шектарынан 10 центерден аса өнім алып отыр. Бұдан бөлек, облыста алдағы қыз мезгіліне 1 млн 460 мың тонна мал азығы дайындалған. 
Нұрболат Мақашев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Осы ретте негізгі міндеттердің бірі-қыстау орындарына, әсіресе мал жайылымдарына жем-шөпті жеткізу. Бұл бағыт бойынша оң динамика Ертіс және Баянауыл аудандарында байқалады. Бұл ретте Павлодар ауданында шөптің 56%-ы ғана, Май – 55% – ы, Аққулы ауданында-36% - ы ғана жеткізілді. Осы бағыттағы жұмысты тездету қажет. 

Облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов егін жинау науқанын уақытылы аяқтауды тапсырды. Облыс орталығындағы фермерлер базарын белгіленген  мерзімде іске қосуды қадап айтты. Әрі келер жылға қажетті астық тұқымын да ұмытпаған жөн.  

Аяулым Рахымжанова