1 қазан - Халықаралық қарттар күні. Осыған орай қаладағы екі мектептің оқушылары қарттар мен мүгедектер орталығына барып, концерттік бағдарлама ұсынды. Әдемі, әсерлі кештің куәсі болған тілшіміз жалғастырсын. 

Бұл қаламыздағы қарттар мен мүгедектерге арналған орталық. Осындағы ақ жаулықты әжелер мен аталарымыз ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл ретте қарттар күні қарсаңында Назарбаев зияткерлік мектебі мен Алтынсарин атындағы гимназия оқушылары оларға тосынсый әзірледі. 
Қазақта қарты бар елдің қазынасы бар деп бекер айтпайды. Үлкендердің төрде бала шағасына ақыл, өсиет айтып отырғаны қашанда әдемі көрініс. Бірақ біздің қоғам мен адам өзгергелі қашан. Соның салдарынан осындай орталықтар пайда болды. 
Амангелді Қасқырбаев, қызмет алушы:
Осында тұрғаныма 12 жылдан асты. Жалғыз қалғасын енді сол. Сондай.  Мен Астанада, Алматыда болдым. Жмана деп бізде айта алмаймын.  Кәрілер үйінде. Әр мектептен келеді. Соған ризамыз біз енді. 
Аталмыш екі мектептің оқушылары сахна төрінде ән айтып, би билеп, бар өнерлерін ортаға салды. Қызмет алатын қарттарға кітаптар мен азын аулақ сыйлықтарын табыстады. 
Людмила Колмогорова, орталықтың мәдени қызметкері:
Бүгіннен бастап бізде қарттар күніне орай шаралар бастау алды. Өзіміздің фотосуреттер көрмесін ашпақпыз. Орталықтың суретшілері бар, солар қатысады. Олар карикутура салады. Бізге түрлі ұйымдар мен мекемелерден келіп, концерт көрсетеді. Бұл біздің тұрғындардың көңіл күйін көтереді, жақсы әсер қалдырады. 
Айта кетейік, мында қазір 240 адам қызмет алады. Олардың 75-і мүгедектер. Оларға орталықта медициналық, әлеуметтік психологиялық, құқықтық қызметтер көрсетіледі. 
 
Самал Қалиқызы