Павлодарда шағын құрлыстан аяқ алып жүру қиындап кетті. Көпқабатты үйлердің ауласында орын қалмаған. Іркес-тіркес иін тірескен құрылыстар қаптады. Барлығы дерлік тұрғын үй. Элиталық баспаналар да бар. Қала басшысы да осыны мойындап отыр. Бұл мәселе шұғыл түрде жасақталған аппарат жиынында талқыланды. 
                                                 
Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі:
Павлодар қаласының бас жоспары үкіметтің 2018 жылғы 12 маусымдағы нөмірі 337 қаулысымен бекітілген. Шағын аудандарда ретсіз салудың көп жылдық тәжірибесі қалыптасқан. Көптеген нүктелі құрылыс нысандарының негізгі проблемасы тұрғын-үй салуға жарамды көп бөлігінде, нақты айтсақ 94 пайыз бөлігінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары болмауы. 
Павлодар қаласы бойынша бүгінде 25-тен аса нүктелі құрылысқа тексеріс жүргізілген. Онда заңбұзушылықтардың бары анықталды. 9 жауапты адамға 4 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынған. Алты құрылыс тоқтатылды. 
Қала әкімі 2023 жылы 335 гектарға 44 үй салынатынын жеткізді. Онда 383 пәтер болады. Бүгінде жоспар әзірленіп жатыр. Инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Дегенмен, проблемалар әлі де бар.
Арман Бекбосынов, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:
Олар талаптарды орындамайды, елемейді. Бас жоспардың талаптары бұзылады. Бұған көптеген мысал бар. 
Облыс әкімі қаланы дамытудың нақты құрылыс жоспары жоқтығын сынға алды. Әбілқайыр Сқақов қала әкіміне тыйым салу арқылы емес, тұрғын үй құрылысын реттеу арқылы әрекет етуді тапсырды. Қала әкімі құрылыс саласында қателіктер мен кемшіліктердің бар екенін мойындап отыр. 
 
 Аяулым Рахымжанова