Павлодар облысында медициналық сөмкелер шығарыла бастайды. Кәсіпкер бес миллион теңгеге жуық грант ұтып алып, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды.


Кәсіпкер фельдшерлік, реанимациялық бригадалар үшін ампулалық сөмкелер және аймаққа жеткізілетін дефибрилляторлық сөмкелерді өндіруді көздеп отыр. Бұл үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржы бөлінген.

Ғабит Базенов, кәсіпкер:

Тігін бизнесіне арналған жабдықтар алу үшін 4 миллион 257 мың теңгеге өтінім бердік. Біз тігін цехын іске қосып жатырмыз. Бүгінде соманың жартысынан көбі игерілді. Қажетті нәрсенің бәрін сатып алдық, бұл бес тігін машинасы, кескіш пышақтар және т. б құралдар.

Ғабит Базенов өтеусіз грант байқауына бес жыл қатарынан қатысты. Биыл сәті түсіп, жеңіске жеткен. Болашақта кәсібін басқа да салаларға бағыттауды жоспарлап отыр. Автокөлік әуесқойлары үшін арнайы жабдықтар жасау да ойда бар, дейді кәсіпкер.

Ғабит Базенов, кәсіпкер:

Әртүрлі жобаларды қарастырдым, бұған ұқсастары да болды. Біз еңсемізді түсірмедік. Ұтылған сайын талдау жасап, әр жобаның осал тұстарын анықтадық. Еңбек еттік. Биыл аса үлкен жауапкершілік таныттық. Дайындығымыз да жақсы болды. Онлайн өтініш бердік.

Ғабит Базеновтың жаңа бизнес-жобасы 5 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге қауқарлы.


Ақмаржан Қалымбек, Артур Поляков