Павлодарда қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы суретші, қазақ кескіндемешісі және кино суретшісі Айша Ғалымбаеваның туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтары облыстық көркемсурет мұражайынан 12 суретті тамашалай алады.

Павлодарда Айша Ғалымбаеваның 105 жылдығына орай еске алу көрмесі ашылды. Суретшінің туындылары Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейіне қойылған. Мұражай қорында суретшінің 19 туындысы сақталған.

Ақертіс Сұлтанбаев, Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет мұражайының басшысы:

Егер қазақтың алғашқы суретшісі Қастеев болса, әйел адамдар ішінен ең алғашқы кәсіби суретші - Айша Ғалымбаева. Ол творчествосын ең алдымен кинода, театрда, костюмдерде, тығыз Шәкен Аймановпен жұмыс жасап, өзінің еңбектерінде көрсеткен адам. Біздің музейдің қорында 19 жұмысы бар. Ол жұмыстары графика, акварельмен жазылған жұмыстар және майлы бояуда үлкен фрагменттік жұмыстары бар.

Айша Ғалымбаева портрет жанрының шебері ретінде де белгілі. Көрмеде көрсетілген туындыларының басым бөлігі қазақтың ішкі жан-дүниесі мен болмысын бейнелейді.

Ақертіс Сұлтанбаев, Н.Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет мұражайының басшысы:

Әңгімелесу. Аналардың бір-бірімен қарапайым әңгімелесуі. Қазақи киімде, кимешек киіп, табиғат аясында әңгімелесіп отыр. Көп сыр тұнып тұр ішінде. Түстердің қолдануы, конраст, динамикалық, суық және жылы түстерді араластыра білген. Мына жұмысқа қарасақ, екі статикалық фигура, бірақ бір динамиканы көрестіп тұр. Арғы план мен бергі план.

Айша Ғалымбаеваның есімі қазақ киносы саласында да ұмыт болған емес. Ол көпшілікке белгілі «Абай әні», «Махаббат туралы аңыз», «Бұл Шұғылада болған еді» және «Оның заманы әлі алда» фильмдерінің қоюшы суретшісі. Айта кетейік, өнерсүйер қауым әсемдікке толы бұл көрмені қаңтар айының соңына дейін тамашалай алады.

Ақмаржан Қалымбек