«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» компаниясы еліміздің энергетика саласында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Олар Қазақстанда алғаш рет 10 киловольттық кернеулі электр желілерінде тұтынушыларды электр қуатынан ажыратпай жұмыстар жүргізуде. Мұндай жұмыс түрлерін орындау үшін электромонтерлер Казань қаласында арнайы оқытудан өткен.
Павлодар облысының Кенжекөл ауылында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ қызметкерлері кернеуі 10 киловольттық болатын әуе желісі тірегінде оқшаулағыш пен траверсаны ауыстыруды сәтті орындады. Бұл желі 950 жеке тұлғаны, 35 заңды тұлғаны және 19 жинақтық трансформаторлық қосалқы станцияны электр қуатымен қамтамасыз етеді. Электромонтерлер сымды уақытша оқшаулағыш траверсіне ауыстыра отырып, жұмыстарды іске асырды. Олар үшін арнайы қорғану құралдары, оқшаулағыш буындары бар Altec автогидрокөтергіші сатып алынды. Бұған дейін мұндай деңгейдегі жұмыстар кезінде тоқ толық сөндірілетін, ал бұл халық пен кәсіпорындарға қолайсыздық тудыратын.. Ал 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап мамандар тоқтан ажыратпай 0,4 кВ кернеулі жұмыстарды жүйелі түрде жүргізсе, бүгінде 10 кВ желілерде де үздіксіз жұмыс істеуге көшті. Энергетиктердің бұл тәсілі тұтынушылар үшін қолайсыздықтарды барынша азайтып, электрмен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Қымбат Садық