"Ертіс" пен "Семей" телеарнасы көрерменге тың жоба ұсынбақ. Қос өңірлік арнаның тілшілері ұлылар мекені Жидебайдан бастап, табиғаты тұмса, киелі Жасыбайға дейін сапар шегіп, түсірілім жұмыстарын тәмамдады. Көрерменге Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай жол тартатын жоба туралы әріптесім Байтұрсын Жұмабай айтып берсін.

Жидебайдан бастау алған жоба үш күнге жалғасты. Түсірілім тобы Семейдегі Абай музейінен бастап, Жидебайға дейін саяхат жасады. Жол бойы көрерменге бұл рухани мекенге сапар шегушілер үшін маңызды аялдамалар туралы мағлұмат ұсынылады.

Түсірілімнің екінші күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Ескелді шатқалында жалғасты. Бұнда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне зиярат жасалды. Ақынның шөбересі Абай Төлеубайұлы түсірілім тобын қарсы алып, Мәшһүр Жүсіптің қыстауымен таныстырды.

Айта кетейік, "Жидебайдан Жасыбайға" атты телеэкспедиция екі бөлімнен тұрады деп жоспарланған. "Ертіс" және "Семей" телеарналары бұл жобаны қос арнаның 60 жылдық мерейтойына орай қолға алды. Сапар барысында көрерменге тарихи, мәдени және рухани деректер ұсынылады. Экспедицияның негізгі мақсаты — Абай әлемін тереңірек танытып, ұлт тұлғаларының ізі қалған мекендерге жаңа көзқараспен үңілу.

Байтұрсын Жұмабай