Железин ауданында ауыл тұрғындарына бөлінген отынның бір бөлігі онлайн сатылымға шығып кеткен. Бұл жағдай облыстық мәслихат депутаттары мен «Amanat» партиясының экология жөніндегі комиссиясының назарын аудартты.
Халық қалаулылары ең алдымен өңірдегі орман алқаптарының жай-күйімен танысып, жергілікті орман шаруашылықтарының жұмысын бақылап шықты. Ерекше назар Үрлітөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне аударылды. Аталған мекеме 46 мың гектар жерге иелік етеді, соның 36 мыңы – орманмен көмкерілген.
Ернар Шекеев, Үрлітөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы:
«Біздің штат толық жасақталған — 67 адам. Бұл облыс басшылығы мен Президенттің қолдауының арқасында мүмкін болды. Абай облысындағы қайғылы оқиғадан кейін жалақы көлемі артты. Қазір инспекторлар 180–230 мың теңге аралығында, ал орманшылар, көмекшілер мен шеберлер 300–400 мың теңге жалақы алады. Басты мәселе — техниканың тозуы: патрульдік көліктер 90%-ға ескірген, ал 8 трактор күнделікті пайдаланылады. Өз күшімізбен жөндеп ұстап отырмыз. Жаңа техника алу өте қиын».
Орман қызметінің материалдық-техникалық жай-күйімен танысқаннан кейін депутаттар көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Бұдан соң комиссия мүшелері интернеттегі хабарландырулардан сатылымға шығарылған орман өнімдеріне назар аударды. Айта кетейік, орман шаруашылығының негізгі міндеті – орманды қорғау және қалпына келтірумен қатар, тұрғындарды отынмен қамтамасыз ету.
Табиғи ресурстар басқармасының өкілдері де бұл ретте түсініктеме берді. Олардың айтуынша, Павлодар мемлекеттік орман қорында бірде-бір ағаш немесе бұта рұқсатсыз кесілмеуі керек. Барлық кесу жұмыстары тек тиісті рұқсат қағаздар негізінде жүргізіледі.
Ернар Шекеев: Үрлітөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы
«Мұндай жағдайлардың алдын алып қана қоймай, орман өнімдерін халыққа беру нормаларын заңмен нақты бекіту керек. Бірізділік керек: не белгілі бір лимит енгізу қажет, не өтінімдердегі көлемдермен шектелу керек».
Раушан Даумова, Павлодар облыстық мәслихатының экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы
«Комиссия отырысында біз нақты алгоритм жасап, осы бағытта жаңа ереже немесе нұсқаулық әзірлеуіміз керек».
Виталий Голубенко, «Amanat» партиясы жанындағы экологиялық кеңес мүшесі:
«Бұл алгоритмнің негізі тікелей сіздерден — яғни, жергілікті мамандардан шығуы тиіс. Өйткені нақты жағдайды жақсы білетін — өздеріңіз».
Кейін экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыс өтті. Онда орман ресурстарын ұтымды пайдалану, орман алқаптарын қалпына келтіру және биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Әйгерім Тоқпанқызы