Отбасы құндылықтарын насихаттау, ұлттық тәрбиені нығайту және өнегелі, үлгілі отбасыларды кеңінен таныстыру мақсатында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезең жеңімпаздары белгілі болды. Бас жүлде кімге бұйырды екен? Тілші материалынан көрейік.
Байқауға әртүрлі салада еңбек етіп жүрген, үлгілі әрі өнегелі өмірімен танылған 60 отбасыдан өтінім түскен, оның ішінде 15 отбасы финалист атанды. Биылда бұл игі шара отбасы құндылықтарын дәріптеп, бірлік пен татулықтың, ізгілік пен өзара сыйластықтың нышанына айналған отбасыларды анықтауға бағытталды.
Светлана Гладышева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары
Марапаттау сәтінде әр отбасыға алғыс хат және сыйақы табысталды. Жеңімпаз атанған отбасыға қала әкімінің арнайы гранты – 500 мың теңге берілді. Бұл отбасы енді Павлодар қаласының атынан «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне қатысады.Финалға шыққан 12 отбасыға 30 мың теңгеден берілді. Ал, жүлделі екінші орынға – 300 мың теңге,үшінші орынға – 200 мың теңге сертификат табысталды. Қатысушыларды үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ішкі саясат бөлімінің мамандары және облыстың құрметті азаматтарынан құралған арнайы комиссия бағалады.
«Мерейлі отбасы» байқауы қоғамдағы үлгілі отбасыларды насихаттауға және жастарды тәрбиелеуде отбасылық құндылықтардың маңызын арттыруға сеп болуда. Мәселен, демеушілік пен қайырымдылыққа, ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген отбасылар байқау финалисі атанып, арнайы марааптқа ие болды. Солардың бірі, Орхан әулеті. Отбасы құқық қорғау органдарында және педагогика саласында жоғары жетістіктері жеткен.
Рысты Мусина, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезең финалисі
Біздің отбасымызда бәріміз бірге бірлесіп, кеңесіп, не өткізіп, алдағы жоспарларды белгілеп, солай біздің отбасыдағы адамдарымыз ең қымбат. Қуансақ бірге қуанамыз, күйінсек бірге қуанамыз, міне, отбасы берік болатыны осы.
Атамекен кентінің намысын қорғаған Карибаевтар әулетінің өнегелі өмірі кім-кімге де үлгі боларлықтай. «ҚР ТЖМ Құрметті ардагері», 86 жастағы Ыбырай Карибаевтан 1 қыз, 3 ұл, 8 немере, 4 шөбере тараған. Бедел биігінен көрінген әулетке қарап отырып, өнегелі отбасының керегесі алтын екенін ұғынуға болады.
Ыбырай Карибаев, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезең жеңімпазы
Жалпы отбасыда түгел балаларым жоғары білімді, үйлі-баранды, қызметтері бәрі жақсы. Оларға білім әперіп, өзімде оқып, жетілдірдім. Көп еңбектің нәтижесі ғой барлығы. Әке-шешеміз айтатын дұрыс істе, біреудің бір дүниесіне тиіспе, адал жүрсең мұратыңа жетесің дейтін. Сосын жақсылық көп істедім қолымда тұрған соң, бастық болғңаннан кейін. Солардың рахметі шығар осы ұзақ өмір сүріп жатқаным.
Бұл байқау – еліміздегі отбасыдағы рухани және мәдени құндылықтарды насихаттаудың маңызды алаңы.Себебі, ел болашағы – берекелі отбасылардың қолында.
Жұлдыз Малдыбаева, «Кенжекөл жастары» ҚБ үйлестірушісі
Осы «Мерейлі отбасын» сайысын «Кенжекөл жастары» жастар ҚБ ұйымдастырып жатыр, біз өте қуаныштымыз. Осы сайысқа 15 отбасы қатысты. Ол тек қалалық емес, ауылдық елдімекенлердің отбасылары. Бірінші орын алған Атамекен ауылынан Карибаевтар отбасы, екінші орын алған Әпеш отбасы, үшінші орын алған Кучковтар отбасы. Барлық әулеттердің жетістіктері мол деуге болады. Медицина, педагогика, құқық қорғау органдарында елеулі үлес қосқан отбасылар.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген. Негізгі мақсат - жаһандану дәуіріндегі отбасы құндылықтарын жоғалтпау. Үлгілі ошақтың өмірін, өскелең ұрпаққа көрсету арқылы өнегелі жастар тәрбиелеу болып табылады.
Қымбат Садық