Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының еңбек сінірген мәдениет қызметкері Балтабай Бекжанұлы Сейсенбековтың 95 жыл мерейтойына арналған еске алу кеші өтті. Онда өңірдің мәдени саласында елеулі еңбек еткен тұлғаның игі істері мен үлгілі өмір жолына шолу жасалды.

Балтабай Бекжанұлының мәдениет саласындағы еңбек жолы 1963 жылдан басталады. Өңірдің мәдениет басқармасын 18 жылға жуық басқарған. Осы жылдар ішінде мәдениет мекемелерінің материалдық базасы жақсарып, жаңа мәдениет үйлері, клубтар, көптеген музейлер мен кітапханалар ашылды, облыстық тарихи-өлкетану музейіне жаңа ғимарат берілді.

Гүлнар Нұрахметова, Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары:

Ол кісі келгенде киіз үйді сол кісінің арқасында әкелдік. 88 жылы Павлодар облысында бірде-бір киіз үй жоқ. Жиналып айтты, балалар киіз үй керек біздің облысқа. Мәденеиетімізді көрсетуіміз керек. Сосын біз Қызылордаға барып осы әдейілеп киіз үйді алып келдік.

Балтабай Бекжанұлы төрт жыл Потанин атындағы музейге де басшылық етті. Облыстың ауыл, аймақтарын аралап этнографиялық экспедицияларды жиі жүргізген ол қазақ халқының тұрмыстағы дәстүрлі бұйымдарын жинаған. Ұлттық нақыштағы дүниелерді ұлықтап, қазақ мұрасын дәріптеуде елеулі үлес қосқан жан. Бірнеше жыл «Сарыарқа Самалы» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. Еске алу кешіне қоғам қайраткерінің жақын туыстары да жиналды.

Жанат Әбдрахманов, Балтабай Сейсенбековтың туысы:

Баянауыл елінде сондай ардақты адам болған. Үлкенді, кішілі барлығы жақсы көрген, сыйлаған. Ол кісі оқыған, ұзын жол жүріп көрген. Сондықтан, ол кісінің айтқан кеңестері бәрі бізге сабақ болды. Өзі сондай жұмсақ, кісіге деген көзқарасы ерекше адам еді. Сондай бір кеуделерін көтеріп кететін.

Кездесуде абзал азаматтың асыл қасиеттері жайында айтылды. Жиынлағандар қызметтегі елеулі сәттерін еске алынып, арнайы фотокөрме ұйымдастырылды.

Мирас Сағындық, Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы:

Осы іс шара өсіп келе жатқан жастардың мәдениет саласында қосқан үлесі жайлы, осы іс шарада айтылып, көптеген сөздер сөйлеп, туған туыстары ойымен бөлісті.

Еске алу кешіне қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, Сейсенбеков Балтабайдың туыстары мен жақындары, ЖОО студенттері жиналады. Меймандарға қасиетті қара домбыра үнімен әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер паш етілді.

Мөлдір Сағидолла