Негізгі Жаңалықтар «Айтылды – орындалды»: инвестициялық жобалар

«Айтылды – орындалды»: инвестициялық жобалар

Айтылды – орындалды. Қазақстанда бірқатар инвестициялық жоба толық қуатына шыққаннан кейін өндірілетін өнім көлемі шамамен 1,5 триллион теңгені құрайды деп күтілуде. Оның 500 миллиард теңгеге жуығы экспортқа бағытталады. Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов жұмыс сапары аясында Май ауданында болып, ірі инвестициялық жобалардың бірінің жүзеге асырылу барысымен танысты.

 

Май ауданына сапары барысында өңір басшысы мыс концентратын өндіруге бағытталған «Демеу Көк-Тас» ЖШС-нің салынып жатқан байыту фабрикасында болды. Кәсіпорында келесі айда алғашқы өндірістік іске қосу жұмыстары жоспарланған. Жоба толық іске асқаннан кейін мұнда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті бюджетке жыл сайын шамамен 300 млн теңге көлемінде түсім түседі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар да тартылуда. 

Асайын Байханов сондай-ақ «Ақжар Өндіріс» ЖШС-нің суармалы егістік алқабын аралады. Биыл шаруашылықта 2 мың гектардан астам жерге дәнді дақылдар, көкөніс, картоп және күнбағыс егілген. Бұдан бөлек, 4 мың гектардан астам аумаққа көпжылдық шөп орналастырылған.

Өңір басшысы суармалы егіншілікті дамыту мен ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Саты ауылында салынып жатқан жаңа медициналық пункттің құрылысымен де танысты. Тәулігіне 20 адамды қабылдауға арналған нысан ауыл тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын биылғы қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.



Бөлісу