Негізгі Жаңалықтар Қимақ өркениетінің әлемі қылқалам ұшында

Қимақ өркениетінің әлемі қылқалам ұшында

Павлодар өңірі тағы бір айтулы мәдени бастаманың орталығына айналды. Мұнда еліміздің танымал суретшілерін біріктірген «Қимақ-арт» шығармашылық пленэрі ұйымдастырылып, облыстық көркемсурет музейінде «Қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері» көрмесі көрерменге жол тартты. Толығырақ тілші Қымбат Садықтың материалында. 


Бір аптаға жоспарланған өнер жобасының негізгі мақсаты – көне тарихтың көмескі тартқан беттерін жаңаша пайымдап, ұлттық тарихи мұраны бейнелеу өнері арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізу.

«Қимақ-арт» атауының өзі жобаның мазмұнын аңғартады. Ертіс бойын мекендеген көне Қимақ мемлекетінің тарихы осы өңірдің өткенімен тығыз байланысты. Бұл бастама табиғат аясында картина жазумен ғана шектелмейді. Суретшілер өңірдің тарихи тынысын сезініп, оның табиғи және мәдени ерекшеліктерін зерттей отырып, көне дәуірді бүгінгі көрерменге жаңа көркемдік шешімдер арқылы ұсынуға ұмтылады.

Өсербай Шоранов, Павлодар облыстық суретшілер одағы ҚБ төрағасы, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қимақ арт деп отырғаны біздің елде 9-10 ғасырларда Қимақ мемлекеті өмір сүрген. Солардан қалған дүниелерді тауып жатыр біздің мекеннен. Сол бабалардың осы жерде мемлекет болғаның болашақта суретшілер үлкен қолтаңа жасап, туындылар келеді деп ойлаймыз. Осындай кездесулер арқылы музей қоры болашақта толады деп ойлаймыз, мүның бәрі ұрпақ үшін керек.

Көрме экспозициясы музейдің бірнеше залын қамтиды. Үлкен зал мен лекторийде ұлттық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің салмақты да терең туындылары орналасқан, ал кіші залда Айнабек Оспановтың 70 жас мерейтойына орай ұйымдастырылған жеке көрмесі көрерменге жол тартты. 

Бұл шығармашылық апта ұлттық өнер мен тарихи сананың өзара байланысын айқын көрсетпек. Шараның басты құндылығы да осында – ғасырлар қойнауындағы тарихи жадыны өнер арқылы бүгінгі күнмен сабақтастырып, оны келешек ұрпаққа жеткізу.


ҚЫМБАТ САДЫҚ


Бөлісу