Тереңкөл ауданында денсаулық күні өтті
Тереңкөл ауылында ересектер мен балаларды, кәсіби спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанатын әуесқойларды біріктірген Денсаулық күні өтті. Ауданда бұқаралық спорт шаралары қаншалықты жиі ұйымдастырылады? Бұл туралы тілшіміз баяндайды.
Ауылда Денсаулық күні жаңа оқу жылының алғашқы аптасында ұйымдастырылды. Мақсат – оқу жылының басталуына байланысты көңілдегі алаңды ойын-күлкіге, достарымен бірге өткізген мазмұнды уақытқа алмастыру, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау.
Алтынбек Сағандықов, Тереңкөл ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры
Қазіргі таңда дене шынықтыру және спорт саласы білім бөлімімен бірлесіп «Спорт күні» немесе «Денсаулық күнін» өткізіп жатыр. Оқу жылының басында балалар энергия жинап, алдағы уақытта тек білім мен спортқа көңіл бөлуі үшін осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Балаларды үнемі спортпен айналысуға шақырамыз. Өйткені спорт денсаулықты шыңдап қана қоймай, балалардың мінезін де қалыптастырады.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және хоккей корты аудан тұрғындарының жиі келетін орны. Спорттың 12 түрі қарқынды дамып келеді. Оның 9-ы – олимпиадалық, 3-еуі – ұлттық спорт түрі.
Әмірхан Иманғалиев, А.Текенов атындағы №2 мектептің оқушысы
Мен волейболмен айналысамын. Бір жылдан бері №2 мектепке барып жүрмін. Маған волейбол ұнайды, өйткені доппен ойнағанды жақсы көремін. Менің ойымша, спортпен айналысу керек. Сонда денең шымыр, денсаулығың мықты болады.
Тереңкөл спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға белсенді қатысады. Ауданда велоспорт, хоккей және шаңғы жарысын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ал өткен жылы мұнда бокс секциясы ашылды. Бұл – Қазақстан қоржынына Олимпиада ойындарында үнемі жүлде әкелетін спорт түрлерінің бірі.
Әмір Жұмалинов, А. Текенов атындағы №2 мектептің оқушысы
Үш жыл велоспортпен айналыстым, кейін КМС нормативін орындадым. Содан кейін велоспортты қойып, біздің ДЮСШ-да самбоға бардым.
Салауатты өмір салты – жастар үшін ең жақсы нәрселердің бірі деп ойлаймын. Ол денсаулықты нығайтып, жастарды пайдалы іспен айналысуға ынталандырады. Біздің ауданда іс-шаралар өте жиі өтеді. ФОК-та, ДЮСШ-да, түрлі мектептерде ұйымдастырылады.
Әсем Мәдениет, боксшы
Бала кезімде гимнастикамен айналыстым. Кейін әкем боксқа қатысуымды ұсынды. Ойлана келе келісім бердім. Қазір чемпион атандым, белбеуім бар. Астанада жарыста жеңіп алдым, медальдарым да көп. Балалар спортпен айналысуы керек. Өйткені бұл – өзін-өзі қорғауға, отбасыңды қорғай білуге үйретеді.
Ауданда спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жергілікті спортшылар облыстық құрама сапына да өтіп жатыр.
Алтынбек Сағандықов, Тереңкөл ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры
Қазіргі таңда 20 жаттықтырушы еңбек етеді, оның 10-ы штаттағы мамандар. 600-ден астам бала спорттың әртүрлі түрімен айналысады. Біз түрлі іс-шараларға қатысамыз, оның ішінде республикалық, халықаралық жарыстар да бар. Облыс пен ауданның намысын қорғаймыз. Әсіресе веложарысты атап өткім келеді. Барлық аудандардың ішінде бұл спорт түрі тек бізде бар. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларын қоса есептегенде, велоспорт біздің ауданда ерекше дамыған. Балаларымыздың арасында облыс құрамасына енген спортшылар бар. Олар республикалық жарыстарда, Қазақстан чемпионаттарында жүлделі, тіпті бірінші орындарды иеленіп жүр. Хоккейді және шаңғы жарысын да ерекше атап өткім келеді.
Осылайша аудан орталығында ұйымдастырылған денсаулық күнінде ересектер мен балалар жақсы уақыт өткізді, деуге болады.
САмал Қалиқызы