Железин ауданында жылу қазандықтары жаңартылуда
Жылыту маусымы басталуының алдында Железинка ауылында тұрғындардың шағымына іліккен екі жылу қазандығы жаңартылды. Енді бұл жылумен жабдықтау жүйелері әлдеқайда сенімді және толықтай автоматты жұмыс істейді.
Железинка ауылында барлығы алты жылу қазандығы бар, ал орталықтандырылған жылу жүйесімен тұрғындардың шамамен жартысы қамтылған.
Жыл басында ауыл тұрғындарының көптеген шағымынан кейін облыс әкімі жүйеге толық техникалық аудит жүргізіп, ең күрделі жағдайдағы нысандарды жаңғыртуды тапсырған. Қазір бұл жоба аяқталу сатысында тұр.
Әділ Садбеков, Железин ауданының экономиканың нақты секторы бөлімінің «Көмек» МКК басшысы
Біздің кәсіпорын алты қазандыққа қызмет көрсетеді. Биыл олардың екеуі және жылу желілері жөнделіп жатыр. Облыс басшылығы бұл мақсатқа шамамен 300 миллион теңге бөлді. Жоба аясында жеті су жылыту қазандығы ауыстырылды, қазір олар жұмысқа толықтай дайын. Сондай-ақ екі түтін мұржасы орнатылды. Қазір электронды жабдықтарды баптау жұмыстары жүргізілуде. Ол аяқталғаннан кейін қазандықтар түгел автоматты болады.
Жаңартылған жылумен жабдықтау кешендері ауылдағы алғашқы тұтастай автоматтандырылған нысандарға айналады. Заманауи басқару жүйесі құрал-жабдықты іске қосуды әлдеқайда оңайлатып, оның тиімділігін арттырады әрі күтіп ұстау шығындарын азайтады. Сонымен қатар, жылу желілері жаңартылып жатыр. Мұндағы ескі құбырлардың орнына диаметрі үлкенірек жаңалары төселуде.
Әділ Садбеков, Железин ауданының экономиканың нақты секторы бөлімінің «Көмек» МКК басшысы
Сондай-ақ ұзындығы шамамен 1 500 метр болатын жылу желілері ауыстырылуда. Олардағы құбырлардың диаметрі үлкейтілді. Бұл абоненттерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір жұмыстардың 90 пайызы орындалды. Соңғы жөндеу жұмыстары 2009 жылы жүргізілген. Техникалық аудит қорытындысы бойынша желілердің жағдайы қанағаттанғысыз деп танылды. Сондықтан толықтай жөндеуден өтті.
Аудан орталығында жаңа жылыту маусымын 15 қыргүйекте бастау жоспарланып отыр. Алдымен жылу әлеуметтік нысандарға беріле бастайды. Ал жаңартылған жабдықтар мен жылу желілерінің игілігін үш жүзге жуық тұрғын көреді.
Жұлдыз Қабылденова