Жақында әлеуметтік желіде жарияланған сәбиге хиджама жасалып жатқан бейнежазба көптің ашуын тудырды. Біршама қаралым жинап жатқан бейнероликтің астындағы пікірлер екіге бөлінді. Бірі шығыстың бұл емін қолдап жатса, бірі беті тілініп жатқан сәбиге жаны ашыды. Бұл әдіс қалай жүзеге асады? Несімен зиян? Мамандар кеңесін тыңдайық.
Хиджама – адам ағзасындағы «арам» қанды арнайы ыдыс арқылы сорып, шығарып тастау. Бұл ем түрін қолданатындардың сөзіне сенсек, қан алдырудың пайдасы зор. Ал, мамандардың айтуынша, сәбидің бетін ұстараның жүзімен тіліп, қан шығару арқылы емдеу аса қауіпті.
Өмірзақ Қайыргелдин, облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:
Адам бойынан көп мөлшерде қан кету өте қауіпті. Ал баланың ағзасы ересек адамдікіндей емес. Ол бірнеше литр қан жоғалтуы мүмкін. Бала үшін, әсіресе жаңа туған нәресте үшін миллилитр қанның өзі үлкен маңызға ие. Сондықтан бұл бала денсаулығының күрт нашарлауына әкелуі мүмкін.
Мамандардың сөзінше хиджама орталықтарында медициналық білімі жоқ адамдар жұмыс істейді. Қан арқылы инфекциялық ауруларға шалдығу қаупі жоғары. Алайда, бұл орталыққа келушілердің қарасы азаймай тұр.
Өмірзақ Қайыргелдин, облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:
Хиджама жасаушылардың сөзінше, түрлі патологияларды емдейді-мыс. Бірақ бәріміздің ағзамыз әртүрлі, әсіресе балалардікі. Баланың фондық патологиясы болса, тиісінше ата-аналар емдеуге тырысады. Оған қоса артық қан кету ағза үшін өте үлкен қауіп және оған бармас бұрын ойлану керек. Дәрігердің келісімі керек. Менің ойымша, біздің облыстың кез-келген дәрігері бұл жайында ата-аналарға нақты түсініктеме беруі тиіс. Отбасыларыңызды сақтаңыздар.
Бүгінде хиджама жасаушыларға арнайы лицензия талап етілмейді. Хиджама медициналық емдеуге жатпайтыны соңғы жылдары қатаң ескертіліп жатыр.
Ақмаржан Қалымбек